
Орал қаласында мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтардың, шетелдік инвесторлар мен өнеркәсіп саласы өкілдерінің басын қосқан «CAPITAL OF GROWTH: New Opportunities of the Region» инвестициялық форумы өтті.
Форум алаңында жаңа инвестициялық мүмкіндіктер, өнеркәсіпті дамыту және Батыс Қазақстан облысының халықаралық ынтымақтастық саласындағы әлеуеті кеңінен талқыланды.
Форум аясында инвестициялық жобалар, отандық өндірушілердің өнімдері мен өңірдегі жоғары оқу орындарының ғылыми әзірлемелері қойылған көрме ұйымдастырылды.
Қатысушыларға өнеркәсіп, энергетика, қалдықтарды өңдеу және фармацевтика салаларындағы келешегі зорбастамалар таныстырылды.
Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков қатысты.
Ол өз сөзінде елімізде өңдеуші өнеркәсіпті дамыту және индустриялық жобаларды қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 31,6 трлн теңгені құрайтын 455 жоба жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы өндірістік әрі логистикалық мүмкіндігі жоғары өңірлердің бірі ретінде қарастырылып отыр.
«Батыс Қазақстан облысы өзінің тиімді географиялық орналасуының арқасында маңызды логистикалық хаб ретінде танылуда. Облыстың халықаралық көлік дәліздеріне жақын орналасуы сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейтіп,өңірді инвесторлар үшін тартымды алаңға айналдырып отыр», – деді Мұхамед Андаков.
Форум барысында өңірде өнеркәсіп, инфрақұрылым және «жасыл» технологияларды дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі меморандумдар мен жол карталарына да қол қойылды.