
Ереван екі күн бойы өндіруші саладағы ашықтық мәселесіне арналған кәсіби әрі ашық диалог алаңына айналды. 28–29 сәуір күндері мұнда Өндіруші салалардың ашықтығы бастамасы (ИПДО) бойынша өңірлік дөңгелек үстел өтіп, Орталық Азия елдері мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірді.
Іс-шара FSVC (Financial Services Volunteer Corps) ұйымы тарапынан «CLEAR Central Asia – Орталық Азиядағы есептілік пен өндіруші салаларды реформалау саласындағы көшбасшылық» бағдарламасы аясында, Ұлыбританияның Сыртқы істер, Достастық және даму министрлігінің (UK FCDO) қолдауымен ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел жұмысына Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстан делегациялары, сондай-ақ ИПДО Халықаралық хатшылығының өкілдері қатысты. Негізгі назар ИПДО-ның 2023 жылғы стандартының енгізілу тетіктеріне және табиғи ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыруға аударылды.
Қабылдаушы ел ретінде Армения өндіруші сектордағы ашықтық пен есептілік бағытында тұрақты ілгерілеу көрсетіп, үздік тәжірибе үлгісіне айналды. Бұл тәжірибе қатысушылардың қызығушылығын тудырып, мазмұнды талқылауларға негіз болды.
Бағдарлама мазмұнды әрі практикалық бағытта өтті. Қатысушылар ИПДО басқару мәселелерін, көпжақты топтардың рөлін, лицензиялау мен бенефициарлық меншік иелерін ашу сияқты құқықтық аспектілерді, сондай-ақ деректер сапасы мен табыстардың ашықтығын талқылады. Сонымен қатар ESG стандарттары мен ашық деректерді қоса алғанда, экологиялық және әлеуметтік мәселелерге ерекше көңіл бөлінді.
Азаматтық қоғам мен жеке сектордың рөліне айрықша назар аударылды. Қатысушылар олардың белсенді қатысуынсыз тұрақты реформалар мен салаға деген сенімді қамтамасыз ету мүмкін еместігін атап өтті.
Дөңгелек үстел тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, өңірлік дамудың маңызды нүктесіне айналды. Қол жеткізілген келісімдер мен ұсыныстар ұлттық деңгейде нақты қадамдарға негіз болып, өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және Орталық Азия елдерінің табиғи ресурстарды ашық әрі жауапты басқаруына жол ашады.