Вагон паркін жаңарту және отандық машина жасауды дамыту – кезек күттірмейтін іс

Вагон паркін жаңарту және отандық машина жасауды дамыту – кезек күттірмейтін іс

Қазақстан – теміржол желісінің ұзындығы 21 мың шақырымнан асатын ірі елдердің бірі. Жыл сайын бұл желі арқылы миллиондаған тонна жүк тасымалдалып, 20 миллионға жуық жолаушы жол жүреді. Алайда, жүк вагондарының тозу деңгейі 54%-ға, ал жолаушылар вагондарынікі 42%-ға жеткен. Соңғы жылдары вагон паркін жаңарту мәселесі саладағы ең өзекті түйткілдердің біріне айналып отыр. Осы орайда, бизнес өкілдері қажеттілікке сай белсенділік танытуда. Мәселен, Петропавл қаласындағы RWS Wagon зауыты (Railways Systems KZ холдингі) бүгінде арбашалардан бастап жүк және жолаушылар вагондарына дейінгі 12 түрлі жылжымалы құрам шығарады.

2025 жылы өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев үш негізгі бағытты атады:

  • қолдану мерзімі ұзартылған вагондарды пайдалануды шектеу;
  • вагондар мен жартылай вагондарды сатып алуға жеткілікті қаржы бөлу;
  • ұзақ мерзімге көзделген офтейк-келісімшарттарды пысықтау.

«Вагон паркін жаңарту отандық машина жасау саласының дамуымен тығыз байланысты болуы қажет. Бұл өндіріс қуатын арттырып, вагон паркін кезең-кезеңімен жаңартуға жол ашады», – деді министр.

 Жолаушыларға қызмет көрсетудің жаңа деңгейі

Петропавлдағы зауыт рельстік автобустарды, жолаушылар вагондарын – купелі, плацкартты және қызметтік (штабтық) түрлерін, сондай-ақ ЭП3Д электр пойыздарын шығарады. Олардың қатарында елорда мен Бурабай курорты арасында қатынайтын туристік Burabay Express те бар.

Биылғы наурыз айында отандық вагон паркі «45» үлгісіндегі жаңа жолаушылар вагондарымен толықты. Кәсіпорын өкілдері бұл вагондардың алдыңғы сериямен салыстырғанда айтарлықтай жетілдірілгенін атап өтті. Атап айтқанда, жаңа вагондарда қозғалыстың жайлылығын пневматикалық аспа жүйесі қамтамасыз етеді. Ал герметикалық өтпе жолдар құрам бойымен қауіпсіз жүруге және бірыңғай микроклимат сақтауға мүмкіндік береді.

«Біздің вагондардағы жаңашылдық тек технологияда ғана емес, дизайнда да көрініс тапқан. Жолаушы сапар кезінде де күнделікті дағдылы істерін, атап айтқанда, жақындарымен байланысу, жұмыс істеу, оқу мүмкіндігін сақтауы керек. Сол себепті вагондар Wi-Fi, жеке розеткалар және климатты реттеу жүйелерімен жабдықталған», – дейді Railways Systems KZ холдингінің басқарма төрағасы Сергей Павлингер.

Ұлттық тасымалдаушы тарапы жаңа вагондарды ішкі және халықаралық бағыттарға пайдалану үшін енгізе бастады. Олардың қатарында Ақтөбе – Маңғыстау, ішінара Маңғыстау – Семей бағыттары, сондай-ақ Астана – Талдықорған жаңа маршруты бар. Сонымен бірге бұрын 1993 жылы шығарылған вагондар пайдаланылған Астана – Семей бағыты да жаңартылды. Қазір “45” сериялы вагондар Қарағанды – Мәскеу және Астана – Омбы бағыттарындағы халықаралық рейстер бойынша қатынап жүр.

Жалпы, 2022 жылдан бері ұлттық тасымалдаушы RWS Wagon зауытында өндірілген 436 жолаушылар вагонын сатып алды. Алдағы бір жылда тағы 131 вагон алу жоспарланып отыр.

Жүк тасымалындағы жаңа инновациялар

2025 жылғы деректерге сәйкес, Қазақстанда 141 мыңнан астам жүк вагоны пайдаланылып отыр. Оның шамамен жартысы – жартылай вагондар. Вагондардың 13%-дан астамы белгіленген 22 жылдық қолдану мерзімінен асып кеткен. 2025 жылдың күзінде мемлекет өткен жылдың 1 қазанынан кейін қолдану мерзімі ұзартылған вагондарды пайдалануға (бірқатар ерекшеліктерді қоспағанда) шектеу енгізді.

Көлік-логистика саласын дамыту үшін әмбебап жартылай вагондар, платформалық вагондар және ірі тоннажды контейнерлерге арналған платформалар аса қажет. Қазір олардың тапшылығы теміржол саласының дамуын тежеп отыр. Вагон жетіспесе, жүк тасымалы да қысқарады. Ал транзиттік әлеуеті жоғары Қазақстан үшін бұл тиімсіз жағдай.

RWS Wagon компаниясы жүк вагондарының жаңа түрлерін игеруді қолға алған. Атап айтқанда, ҚТЖ қажеттілігіне арналған автотасымалдағыш және жабық вагондар шығарыла бастады. Өткен жылы мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған вагон-цистерна сертификат алды. Дегенмен, тек вагон шығарумен шектелу жеткіліксіз – ел үшін өз арбашаларын өндіру де маңызды.

Арба – қозғалыстың негізі

 Арбаша – вагонның қозғалыс бөлігі. Ол негізгі жүктемені (оське шаққанда 23–25 тоннаға дейін) көтереді, рельсте тұрақтылықты қамтамасыз етеді, соққы мен дірілді бәсеңдетеді. Соның нәтижесінде қозғалыс жайлылығы артып, жолаушылар мен жүктің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Петропавлдағы зауыт жүк вагондарына арналған 18-9918 үлгісіндегі екі осьті арбашаларды шығарады, сондай-ақ 18-3221 үлгісіндегі дәнекерленген арбашаны әзірлеп жатыр. Бұдан бөлек, 12-6773 үлгісіндегі жартылай вагон үшін арбашада тозуға төзімді бөлшектерді қолдану арқылы жөндеуаралық жүріс мерзімін ұлғайтуға қол жеткізілді. Атап айтқанда, фрикциялық сыналар, сырғымалы тірек қақпағы, планкалар, букса төсемдері мен тірек элементтері жетілдірілді. Арбашаға арналған дөңгелектер де отандық өнім – оларды Екібастұздағы RWS KZ холдингінің тұтас илектелген дөңгелектер зауыты шығарады.

Дәнекерленген арбашаның литейлі түрден айырмашылығы – оның негізгі тірек қаңқасы (рама) құю арқылы емес, болат бөлшектер мен профильдерді дәнекерлеу арқылы жасалады. Яғни, литейлі рама әдетте үш бөліктен тұрса (екі көлденең және бір үстіңгі тірек), дәнекерленген құрылым тұтас әрі біріккен күйде болады.

Литейлі арбашалар арзанырақ болғанымен, бірқатар кемшіліктерге ие. Олардың ішінде көзге көрінбейтін қуыстар мен кеуектер бар, бұл уақыт өте келе жарықшақтардың пайда болуына әкеліп, сенімділігін төмендетеді. Сонымен қатар құю барысында металл шығыны да көбірек болады.

Дәнекерленген арбашаларда құюға тән ақаулар болмайды. Прокатталған болаттың сапасы қуыстар мен кеуектердің болмауын қамтамасыз етеді, сондықтан олардың сенімділігі жоғары. Сонымен қатар табақ металдағы ақауларды анықтап, оларды дәнекерлеу арқылы оңай қалпына келтіруге болады. Бұдан бөлек, дәнекерленген арбашалар құйма түрлеріне қарағанда жеңілірек келеді. Салмағының аздығы мен геометриясының дәлдігі олардың жоғары жылдамдықта тұрақты қозғалуына мүмкіндік береді. Сондықтан жолаушылар вагондарында көбіне осы дәнекерленген арбашалар қолданылады – олар дірілді азайтып, қозғалыстың бірқалыпты болуын қамтамасыз етеді.

«Қысқа мерзімде арбашаларды шетелден сатып алу арзан болуы мүмкін. Алайда бұл ұзақ мерзімге Қазақстанды дайын өнімге тәуелді етіп, өз инженерлік әлеуетінің дамуын тежейді. Мұндай жағдайда арбашаларды жергілікті климатқа бейімдеу мүмкіндігі де шектеледі. Ал өндіріс ел ішінде жолға қойылса, барлық кезеңде бақылауға, жеткізілім тәуекелдерін азайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашылады. Бұл өз кезегінде толыққанды өнеркәсіптік экожүйенің қалыптасуына ықпал етеді», – дейді Railways Systems KZ холдингінің басқарма төрағасы Сергей Павлингер.

Цифрландыру және маман даярлау

2025 жылдың күзінде Петропавлда жылжымалы құрам шығаратын жаңа цех іске қосылды. Оның басты ерекшелігі – роботтандырылған жабдықтардың арқасында өндірістің жоғары деңгейде автоматтандырылуы. IGM маркалы үш дәнекерлеу кешені үш робот пен тоғыз дәнекерлеу қондырғысынан тұрады. Олар бір уақытта үш вагон рамасын дайындай алады.

«Тәулігіне 9 платформа рамасы шығарылады. Дәнекерленетін, құрастырылатын материалдар салмағы – 25 тонна. Роботтар қол еңбегін едәуір жеңілдетеді. Дегенмен бұл адамдарды техникамен алмастырып жатырмыз деген сөз емес. Керісінше, жаңа жұмыс орындары ашылып, қызметкерлер техникалық қызмет көрсету мен бағдарламалаудың негіздерін меңгерді. Еңбек сипаты өзгеріп келеді, біз соған бейімделуіміз қажет», – дейді Railways Systems KZ холдингінің басқарма төрағасы.

Кәсіпорын іс басындағы қызметкерлердің біліктілігін арттырумен қатар, жастарға да баса назар аударып отыр. Мұнда болашақ технологтар, инженерлер мен экологтар – Петропавлдағы Б. Әшімов атындағы машина жасау және көлік колледжі мен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері өндірістік тәжірибеден өтеді.

Теміржолдағы технологиялық дербестік

Кез келген елдің алдында екі таңдау бар: дайын өнімді сырттан сатып алу немесе оны өзі өндіру. Сырттан алу – жылдам әрі арзан. Ал өзің өндіру – күрделірек әрі қымбатырақ. Бірақ дәл осы өзің өндіру жолы елімізге ертең еркін таңдау жасауға мүмкіндік береді, өзгеге тәуелді етпейді. Қазақстан екінші жолды таңдады. Бұл – оңай жол емес, бірақ елді шынайы дербестікке жеткізетін бағыт.