Биыл түсті металлургия саласында сегіз жобаны іске асыру жоспарланған

Биыл түсті металлургия саласында сегіз жобаны іске асыру жоспарланған

Түсті металлургия – Қазақстан өнеркәсібіндегі жетекші салалардың бірі. Бұл бағыттың табысты дамуына еліміздің бай шикізаттық базасының болуы ықпал етіп отыр. Қазақстан аумағында мыс, мырыш, никель, қорғасын, алюминий және бағалы металдардың ірі кен орындары шоғырланған.

Биыл салада жалпы көлемі шамамен 80,1 млрд теңге инвестиция тарту арқылы 8 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар жүзеге асырылса 1,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Бұл туралы «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Жобаларды мониторингтеу және талдау дирекциясы хабарлады.

Атап айтқанда, катодты мыс, мыс сымы, мыс кабелі, алюминий ұнтағы және легирленбеген алюминийден құйылған шыбықтар өндірістерін іске қосу көзделген. Қазіргі таңда бір жоба өндірістік пайдалануға берілді: Қарағанды облысында катодты мыс өндіру өндірісі іске қосылды. Жобаны жүзеге асыруға 8 млрд теңге инвестиция тартылып, 512 тұрақты жұмыс орны ашылды.

«Бұдан бөлек, түсті металлургия саласында Доре қорытпасын, алюминий биллеттері мен профильдерін өндіруге бағытталған алты жоба қазіргі уақытта іске асырылу кезеңінде тұр. Аталған жобалардың пайдалануға берілуі 2027-2028 жылдары жоспарланып отыр. Жобаларға тартылған жалпы инвестиция көлемі 532,1 млрд теңгеден асады. Бұл бастамалар 800-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, соның ішінде шамамен 140 жұмыс орны ауылдық елді мекендерде ашылмақ», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Доре құймасындағы алтын мен күміс, никель штейні, легирленбеген алюминий, вольфрам, қорғасын және мырыш өндіру бойынша тағы 34 жоба пысықталу сатысында. Аталған жобалар бойынша жоспарланған инвестиция көлемі 6,9 трлн теңгені құрайды, болжам бойынша, бұл жобалар 17,1 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, қазіргі және алдағы уақыттағы жоспарланған 48 жоба аясында шамамен 7,5 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту көзделіп отыр. Нәтижесінде жалпы 19,4 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде, оның 15,7 мыңы ауылдық жерлерге тиесілі болмақ.

Айта кетейік, түсті металлургия өнімдерін өндіруге бағытталған ірі жобаларды Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Абай облыстарында іске асыру жоспарланған.