
Бұрын қосалқы компоненттерге жатқызылып келген сирек және жерде сирек кездесетін металдар қазіргі әлемдік экономикада аса маңызды стратегиялық шикізат ретінде қарастырылады. Литий, бериллий, тантал және ниобий сияқты сирек металдар, сондай-ақ лантаноидтар тобы қуатты тұрақты магниттер, өткізгіштер, лазерлер және аккумулятор батареяларын өндіруде баламасы жоқ бірегей физикалық және химиялық қасиеттерге ие. Олар жасыл энергетика, микроэлектроника, қорғаныс және аэроғарыш сынды жоғары технологиялық өнеркәсіпті дамытудың негізі саналады.
Электромобильдер мен жаңартылатын энергия көздеріне сұраныстың артуы бұл металдарды тиімді өндіру, қолдану және бөлу мәселесін ұлттық экономикалық қауіпсіздік пен технологиялық егемендік тұрғысынан маңызды етеді.
Осынау элементтердің айтарлықтай минералды-шикізат базасына ие Қазақстан үшін бұл саланы дамыту тек экономикалық басымдыққа ие болу ғана, сонымен қатар жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету мәселесі.
Бұл мәселелер Өскеменде (Шығыс Қазақстан облысы) өткен «Қазақстанның сирек кездесетін металдары: қиындықтар, шешімдер және стратегиялар» тақырыбына арналған EKTU RND FORUM 2026 халықаралық ғылыми-практикалық форумында қозғалды.
Жерде сирек кездесетін және стратегиялық маңызды металдар саласын дамыту перспективаларын талқылауға арналған негізгі халықаралық алаңдардың біріне жетекші мамандар – «ҚР МШКҚӨ ҰО» РМК Мемлекеттік өнеркәсіптік экология ғылыми-өндірістік бірлестігі филиалы «Қазмеханобр» директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Бауыржан Сүрімбаев пен осы филиалдың Минералды шикізатты байыту және жартылай өнеркәсіптік сынақтар бөлімінің бастығы Алина Смайлова қатысып, сөз сөйледі.
Өз баяндамаларында ғалымдар «Қазмеханобрдың» минералдық және техногендік шикізатты өңдеу саласындағы өзекті әзірлемелері мен технологиялық әлеуеті туралы айтты. Сондай-ақ олар әлеуетті серіктестермен бірлескен инновациялық жобаларды іске асыру және стратегиялық ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады.
Айта кету керек, «Қазмеханобр» мамандары металлургиядағы ең күрделі мәселелердің бірін, яғни, қиын байытылатын кешенді шикізат пен техногендік қалдықтардан бағалы компоненттерді бөліп алу мәселесін шешіп жатыр. Институтта әзірленген гравитациялық, флотациялық және гидрометаллургиялық әдістерді біріктіретін аралас технологиялық схемалар өндірісте экологиялық стандарттарды сақтай отырып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Қазмеханобрдың» сирек металдарға қатысты жетістіктерінің ішінде мыналарды атап өтуге болады:
• Аңсай кен орнындағы барит кенін өңдеуге арналған флотациялық сызба мен технологиялық регламент әзірленді, сондай-ақ осы өнертабысқа патент алынды. Бұл үдеріс нәтижесінде құрамында 95,17% барий сульфаты бар барит концентраты өндірілді. Пайдалы металды алу көрсеткіші 79,41%-ға жетті (қазіргі таңда фабрика құрылысының жобасы аяқталу сатысында).
• Ермаков кен орнындағы берилий бар кенге жартылай өнеркәсіптік сынақтар жүргізіліп, құрамында 13,37-16,90% берилий оксиді бар 263 кг концентрат өндірілді.
• Құндыбай кен орнындағы иттрий-сирекжер кенін өңдеуге арналған технологиялық регламент әзірленді.
«Қазмеханобр» ондаған жылдан бері Қазақстандағы түсті, асыл және сирек металдар кен орындарын игеруге арналған технологиялық негізді қалыптастырып келе жатқан жетекші ғылыми-зерттеу институты саналады.
Институттың қызметі толық циклді қамтиды: күрделі кендердің материалдық құрамын терең зерттеуден бастап, оларды өңдеудің тиімді технологияларын әзірлеуге дейінгі жұмыстарды, сондай-ақ жасалған технологияларды жартылай өнеркәсіптік сынақтардан өткізу және оларды өндірісте енгізуге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды.