
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) Бас хатшысы Асад Маджид Ханмен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында министр ЭЫҰ-мен ынтымақтастықты күшейту еліміздің сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі ретінде маңызды екенін атап өтті.
«Біз бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруды және өзара іс-қимылдың қолда бар әлеуетін пайдалануды маңызды деп санаймыз. Қазақстан Үкіметі ЭЫҰ Хатшылығымен тығыз ынтымақтастыққа ашық және нақты оң нәтижелер көрсететін бастамаларды қолдауға дайын», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Министр өнеркәсіпті дамыту Қазақстанның негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін, осы орайда жаңа технологияларды енгізу, инновацияларды дамыту және отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды екен атап өтті. Сондай-ақ Ерсайын Нағаспаев 2026 жылғы 23 қыркүйекте Душанбе қаласында өтетін Министрлер кеңесін ЭЫҰ аясындағы өнеркәсіптік ынтымақтастыққа жаңа серпін беретін мүмкіндік ретінде атады. Осы Министрлер кеңесі шеңберінде Халықаралық тоқыма форумы өтеді.
Жеңіл өнеркәсіп Қазақстан экономикасының маңызды салаларының бірі екені атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты сақтауға дайын екендерін растады.