Ерсайын Нағаспаев өнеркәсіп саласындағы шетелдік әріптестермен бірқатар кездесу өткізді

Ерсайын Нағаспаев өнеркәсіп саласындағы шетелдік әріптестермен бірқатар кездесу өткізді

Астанада Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Өңірлік экологиялық саммит аясында шетелдік серіктестер компания басшылары және мемлекеттік сектор өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.

Атап айтқанда, CLAAS Group бақылау кеңесінің төрағасы Катрин Клаас-Мюльхойзер және шамамен 20 кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Талқылау барысында Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын шығару және өндірісті локализациялау мәселелері қозғалды.

Словакия Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Қоршаған ортаны қорғау министрі Томаш Тарабамен өткен кездесуде машина жасау, электроника және химия өнеркәсібі, металлургия салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды. Қазақстан тарапы словакиялық әріптестерге жер қойнауын пайдалану бойынша аукциондарға қатысуды ұсынды. Сонымен қатар Қазақстан тарапы бірлескен жобаларды іске асыруға ашық және шетелдік инвесторларға арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) сияқты қолайлы алаңдар ұсынып, тиісті жағдайлар жасауға дайын екенін жеткізді.

Словакия жағы биыл қараша айында өтетін Үкіметаралық комиссияның (ҮАК) 11-ші отырысын Братислава қаласында өткізу бастамасын көтерді. Қазақстан тарапынан Ерсайын Нағаспаев осы комиссияның тең төрағасы.

Ресей Федерациясы Пермь өлкесінің губернаторы Дмитрий Махонинмен әңгіме барысында химия, мұнай-химия және машина жасау салаларындағы кооперацияны кеңейту мәселелері қозғалды. Ауыл шаруашылығы кешенін минералды тыңайтқыштармен тұрақты қамтамасыз ету, сондай-ақ машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі және құрылыс салаларындағы бірлескен жобаларды дамыту мәселелеріне баса назар аударылды.

Өнеркәсіпке шетелден инвестиция тартудың және халықаралық компаниялардың индустриялық жобаларға қатысуын өрістетудің маңызы ерекше атап өтілді.

Жалпы, Ерсайын Нағаспаев елімізде жоғары технологиялы өндірістерді жүйелі дамыту мақсатында шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенімізді білдірді.

Айта кетейік, Қазақстан 2029 жылға дейін өнеркәсіп саласына шамамен $400 млрд көлемінде инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Елімізде инвесторлар үшін жеңілдіктер мен қолайлы жағдай жасайтын 17 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді.