Қуандық Қажкенов SUEZ және Veolia компаниялары өкілдерімен Қазақстанның су инфрақұрылымын дамыту мәселесін талқылады

Қуандық Қажкенов SUEZ және Veolia компаниялары өкілдерімен Қазақстанның су инфрақұрылымын дамыту мәселесін талқылады

Мемлекет басшысының сумен жабдықтау және су бұру саласына халықаралық басқарушы компанияларды тарту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында SUEZ және Veolia компанияларының өкілдерімен кездесулер өтті.

Француз тарапынан кездесуге SUEZ компаниясының Орталық Азия, Түркия және Кавказ бойынша аға вице-президенті, бас директоры Сильвер Делоне, SUEZ операциялық директоры Оливье Рамус, Veolia компаниясының Кавказ және Орталық Азия бойынша бас директоры Леонид Локшин, Орталық Азия бойынша даму жөніндегі директоры Шахин Бутуила, Кавказ және Орталық Азия бойынша жобалар жөніндегі директоры Франсуа Ляфоре, сондай-ақ Франция елшілігінің өкілдері қатысты.

Кездесуге сондай-ақ ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің кеңесшісі Владислав Галиев, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керімқұлов, «Қазақстан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Солтамбеков және сала өкілдері қатысты.

Жиын барысында тараптар коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың басым бағыттарын, сондай-ақ жылумен және сумен жабдықтау, су бұру салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру және ілгерілету мәселелерін талқылады.

SUEZ және Veolia компанияларының халықаралық тәжірибесін пайдалану арқылы инфрақұрылымды басқару тиімділігін арттыру, коммуналдық жүйелерді жаңғырту, заманауи технологиялық және басқарушылық шешімдерді енгізу бағытындағы әлеуетті жобаларға ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және Қазақстандағы коммуналдық шаруашылық жүйесінің тұрақты әрі тиімді дамуына бағытталған нақты бастамаларды бірлесіп пысықтауға өзара қызығушылық танытты.