ТКШ-ны цифрландыру – ресурстарды ұқыпты тұтынудың тиімді жолы

ТКШ-ны цифрландыру – ресурстарды ұқыпты тұтынудың тиімді жолы

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова RES 2026 өңірлік экологиялық саммиті аясында өткен «Қазақстанда ресурстарды есепке алуды цифрландыру: ұқыпты тұтынуға көшуге арналған жаңа технологиялар» атты панельдік сессияға қатысты.

Өз сөзінде Жәннат Дүбірова министрліктің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторын цифрландыру стратегиясын таныстырды. Бұл стратегияның негізгі өзегі – есептеудің нормативтік әдісінен нақты тұтыну бойынша есеп айырысуға көшу.

Оның мәліметінше, 2026-2028 жылдарға арналған ұлттық бастамалар аясында коммуналдық ресурстарды есепке алуды жаппай құралдармен жабдықтау және автоматтандыру жоспарланған. ТКШ-ны цифрландырудың негізгі мақсаттары:

  • әділ есептеу (азаматтар тек нақты тұтынған су, жылу және электр энергиясы үшін төлеуі тиіс);
  • тарифтерді тұрақтандыру (желілердегі технологиялық және коммерциялық шығындарды анықтау және азайту);
  • энергияны тиімді пайдалану (ресурстардың тиімсіз пайдаланылуын жедел анықтау үшін қашықтан бақылау және деректерді талдау жүйелерін енгізу).

Министрлік сондай-ақ табиғи монополия субъектілеріне (су арналары мен энергетикалық кәсіпорындарға) арналған цифрландырудың ең төменгі талаптарын енгізуде. Міндетті элементтерге енді ЭЭКЕАЖ/СКЕААЖ жүйелері, желілерді паспорттауға арналған геоақпараттық жүйелер (ГАЖ), сондай-ақ гидравликалық модельдер мен диспетчерлік басқару жүйелері (SCADA) кіреді.

Сессия барысында цифрландыру тек есептегіш құралдарды орнату ғана емес, бұл – азаматтардың өмір сапасын арттыру үшін бүкіл ел бойынша ресурстардың ашық теңгерімін қалыптастыру екені атап өтілді.