
Температурасы –40-тан +40 градусқа дейін құбылатын қатал континенттік климат жағдайында теміржол инфрақұрылымының беріктігі айрықша маңызды. Қазақстан темір жолдарындағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі элементтердің бірі – аяз бен жылымықтың қайталанатын әсеріне шыдамды, ылғал өткізбейтін әрі сызатқа төзімді темірбетон брустар мен шпалдар.
2015 жыл Қазақстанның теміржол машиналарын жасау саласы үшін маңызды кезең болды. Атап айтқанда, Екібастұздағы RWS KZ холдингі 1520 мм және 1435 мм табанды теміржолдарға арналған алдын ала керілген темірбетон брустарын шығаруды бастады. Бұған дейін Қазақстан бұл өнімді сырттан алдырса, қазір өзі өндіретін әрі экспортқа шығаратын елге айналып отыр. ТМД мен ЕАЭО аумағында алдын ала керілген темірбетон шпалдар мен брустарды Беларусь және Өзбекстандағы кәсіпорындар шығарады. Еуропада бұл салада Германияның Leonhard Moll Betonwerke, Швециядағы Abetong AB және Бельгияның De Bonte Group сияқты ірі өндірушілер көш бастап келеді. Қазақстандағы зауыт та осы әлемдік компаниялармен деңгейлес технологиялар мен өндірістік мүмкіндіктерді қолдана отырып жұмыс істейді.
Темірбетонның артықшылығы
Темірбетон брустар айтарлықтай жоғары статикалық және динамикалық жүктемелерге төтеп береді. Сонымен бірге олар рельстердің дәл орналасуын сақтап, жол құрылымының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл – қозғалыс қауіпсіздігінің негізгі шарттарының бірі. Шпалдар теміржолдың түзу де, қисық та бөліктерінде қолданылады. Олар рельстер арасындағы арақашықтықты бірқалыпты ұстап, жолдың негізгі тірек құрылымын қалыптастырады. Ал темірбетон брустар көбіне бағыттама бұрмаларында пайдаланылады. Олардың төменгі бөлігі трапеция тәрізді кеңейтіліп жасалғандықтан, орнықтылығы жоғары болады. Брустар әртүрлі ұзындықта шығарылады, ал Қазақстанда шпалдардың стандартты ұзындығы – 2700 мм құрайды.
Ағаш материалдар уақыт өте кеуіп, шіріп, температура өзгерістеріне төзімсіз келеді. Ал темірбетон, керісінше, тозуға да, деформацияға да әлдеқайда шыдамды. Ол ауыр жүк пойыздарының салмағына, аптап ыстық пен қатты аязға, нөсер жауын мен су тасқынына сенімді түрде төтеп береді. Сондықтан мұндай шешім жүктемесі жоғары магистральдар үшін ерекше маңызды.
Сондай-ақ темірбетон брустар мен шпалдар жолдың геометриялық тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл пойыздардың жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Ал жылдамдықты арттыру – елдегі теміржол инфрақұрылымын жаңғырту мен көлік-логистикалық әлеуетті дамытудағы басты бағыттардың бірі.
Қазіргі заманғы темірбетон бұйымдары алдын ала керілген күйде өндіріледі, соның арқасында олардың қызмет ету мерзімі 50 жылға дейін жетеді. Осы жөнінде Railways Systems KZ холдингінің басқарма төрағасы Сергей Павлингер: «Алдын ала керу технологиясында арматура бетон құйылар алдында қатты тартылады да, бетон қатайған соң босатылады. Бетон қысымға төзімді болғанымен, созылуға әлсіз. Ал арматура бастапқы қалпына келуге ұмтылады, бетон болса өз пішінін сақтайды. Нәтижесінде бұйым ішінде тұрақты қысу күші қалыптасып, ол пайдалану кезінде пайда болатын созылу күштерін теңестіреді. Бұл жарыққа төзімділікті, жоғары жүк көтергіштікті және ұзақ қызмет мерзімін қамтамасыз етеді», – дейді.
Өндіріс қалай жүзеге асады?
Екібастұздағы Railways Systems KZ кәсіпорны теміржол желілері мен метрополитенге арналған алдын ала керілген темірбетон брустардың жылына 1008 жиынтығын өндіреді.
Жұмыс үдерісі бірінші кезекте өңдеуге алынған материалдардың сапасын тексеруден басталады. Зауыттың өндірістік зертханасы пайдаланылатын материалдардың белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді. Сапа талаптарынан өткен шикізат қана өндірістік желіге жіберіледі.
Кәсіпорында жүргізілген жаңғырту нәтижесінде дәстүрлі стендтік технологиямен қатар агрегаттық-ағынды әдіс енгізілді. Стендтік тәсілде барлық операциялар (керу, қалыпты дайындау, тазалау, бетон құю) бір қалыпта жүзеге асады. Ал жаңа желіде қалыптар өндіріс бойымен өздігінен жылжиды.
«Бұл тәсіл жұмысшылардың артық қозғалысын қысқартып, қол еңбегін жеңілдетеді, ақау ықтималдығын азайтады және адами факторының әсерін төмендетеді. Сонымен қатар өндіріс қарқыны да өседі, өйткені жаңа желіде бетонның беріктігін жеделдетіп қалыптастыратын булау камерасы пайдаланылады», – дейді Railways Systems KZ холдингінің басқарма төрағасы Сергей Павлингер.
Агрегаттық-ағынды автоматтандырылған желі өндіріс үдерісін барынша икемді етеді, яғни қалыптарды әртүрлі өнім шығаруға бейімдеуге болады. Геометриялық тұрғыдан ол шпалдармен қатар электр желісі бағандарын және басқа да темірбетон бұйымдарын жасауға жағдай жасайды.
Өндірістің қорытынды кезеңі – дайын өнімді қабылдап алу. Сапаны бақылау бөлімі тексерісті аяқтаған соң, брустар арнайы алаңдарға қатарымен қойылады. Кейін олар симметриялы және трамвай бағыттамаларында, метрополитеннің парктік жолдарында қолданылады. Сонымен қатар 1520 мм табанды жолдарға арналған Р65 теңгеру түйіспелерінде, сондай-ақ Р65 және Р50 типті рельсте доңғалақ тежегіш «башмактарды» автоматты түрде қоятын құрылғыларда пайдаланылады. Бұдан басқа, аталған брустарды 1520 және 1435 мм табанды теміржолдардағы Р65 маркалы 1/9 және 1/11 бағыттама бұрмаларының құрамынан да кездестіруге болады.