Үкіметте азаматтарды тұрғын үймен қамту және қолайлы орта қалыптастыру мәселелері қаралды

Үкіметте азаматтарды тұрғын үймен қамту және қолайлы орта қалыптастыру мәселелері қаралды

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 21 сәуірдегі отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мүгедек жандардың өмір сапасын арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Министрлік тарапынан тұрғындарды нысандар мен инфрақұрылымдарды пайдалануда тең мүмкіндіктермен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Қолайлы, кедергісіз орта қалыптастыру ісі қала құрылысын жоспарлау, жобалау, құрылыс жүргізу және нысандарды пайдалануға берудің барлық кезеңінде басты назарда. Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне сәйкес, қолайлы, кедергісіз ортаға қолжетімділік талаптары күшейтілді. Жүріп-тұруы қиын, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тұрғын үйлерге, басқа да түрлі нысандарға кіріп-шығуы, мініп-түсуі үшін қолайлы жағдайлар жасау және басқа да қажеттіліктерге қатысты мәселелер мемлекеттік нормативтерге сай іске асырылуда.

Нысандарды пайдалануға беру кезінде олардың қажетті талаптарға сәйкестігін тексеру ісіне әлеуметтік қорғау органдары өкілдерінің қатысуы қарастырылған.

Салалық нормативтік құжаттар арқылы қосымша талаптар нақтыланған. Атап айтқанда, қолжетімді әрі қолайлы жағдай жасау үшін тұрғын үй құрылысын қайта жоспарлау тәртібі жеңілдетілді, жобалық құжаттамада мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасау талаптары көрсетілген жеке бөлім бар. Сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен салынатын тұрғын үйлердегі пәтерлер санының кемінде 5%-ы мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін бейімделген болуы керек.

Сонымен қатар тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда кезекте I және II топтағы 63 мыңнан астам мүгедек азамат және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған шамамен 26 мың отбасы тұр.

Тұрғын үй мәселесін шешу үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана беру, жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй несиелері, жеке сектордағы жалдау ақысын субсидиялау және тұрғын үй сертификаттарын ұсыну сынды тетіктер қарастырылған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша 7,8 мың азамат жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілді, олардың арасында 1 036 мүгедек азамат және мүгедек жанға қарап отырған 469 отбасы бар. 2026 жылы 810 мүгедек адамға және мүгедек жаны бар 843 отбасыға тұрғын үй берілді.

Тұрғын үй реформасы аясында жалдамалы тұрғын үйді жекешелендіру тетігі іске асырылуда. 2025 жылы 4 386 мүгедек азамат жалдап келген тұрғын үйін жекешелендірді. 2026 жылдың бірінші тоқсанында шамамен 460 адам тұрғын үйді өз жеке меншігіне алды.

«Отбасы банк» арқылы 2% және 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотекалық несиелер берілуде. 2025 жылы кезекте тұрған 5 277 азамат баспаналы болды, оның ішінде 381 несие мүгедек адамдарға және 424 несие мүгедек балалары бар отбасыларға берілді. 2026 жылы 12 736 ипотекалық несие беру жоспарлануда.

Сондай-ақ тұрғын үй сертификаттары да ұсынылады. 2025 жылы 2 млрд теңге сомасына 1 733 сертификат, ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында 371 млн теңгеге 311 сертификат берілді.

Қосымша ретінде жалдау ақысын субсидиялау тетігі іске асырылуда. Қазіргі уақытта бұл қолдауды 10 мыңнан астам отбасы көріп отыр, соның ішінде мүгедек азаматтар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар да бар.

Сөз соңында Қуандық Қажкенов министрліктің Инклюзивтік саясат тұжырымдамасының іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік органдармен бірлесіп жүйелі жұмыстарды жалғастыра беретінін атап өтті.

Қазақстан Республикасының Үкіметінің баспасөз-қызметінің суреті