
Орталық коммуникациялар қызметінде жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту мәселелеріне арналған брифинг өтті. Онда Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхаммед Андаков баяндама жасады.
Өз сөзінде ол саланы дамытуға бағытталған нақты шараларға, қол жеткізілген нәтижелерге және алдағы кезеңге арналған жоспарларға тоқталды.
Оның айтуынша, жеңіл өнеркәсіп – жұмыс орындарын ашуға және халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға ықпал ететін экономиканың маңызды салаларының бірі. Қиындықтарға қарамастан, сала тұрақты дамып, оң үрдіс қалыптастырып отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп өнімінің көлемі 259,5 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 103%-ды құрады. Оның ішінде тоқыма өндірісі 159 млрд теңгені құраса, киім өндірісі шамамен 84 млрд теңгеге, ал былғары және оған қатысты өнімдер өндірісі 17 млрд теңгеге жуықтаған.
Салаға тартылған негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 40 млрд теңгеге жетті. Қазіргі таңда жеңіл өнеркәсіпте 26 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 0,1%-ды құрайды.
Брифинг барысында нарық құрылымына да ерекше назар аударылды. 2025 жылы жеңіл өнеркәсіп нарығының көлемі 3,6 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде отандық өндірушілердің үлесі 8,1%-ға жетті. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда (5,1%) айтарлықтай өсім бар екенін көрсетеді және салада жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін аңғартады.
Қазіргі таңда салада 1450-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың 836-сы тігін, 489-ы тоқыма, ал 125-і былғары және оған қатысты өнімдер өндіреді.
«QazTextileIndustry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының Ұлттық бірлестігі» заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер одағы өзін-өзі реттейтін ұйымының Басқарма төрағасы Гүлмира Уахитова отандық киім брендтерінің табысты тәжірибелеріне тоқталып, олардың соңғы жылдары сапа мен дизайн тұрғысынан айтарлықтай дамып, нарықтағы орнын нығайтып келе жатқанын сөз өтті. Сондай-ақ ол отандық брендтерді қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан жүйелі шараларға назар аударып, бұл жұмыстар өндірісті дамытуға және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға ықпал етіп отырғанын жеткізді. Спикер сала қызметкерлері өз еңбегін мақтан тұтуы тиіс екенін айтып, олардың табиғи әрі сапалы өнім өндірудегі рөлі ерекше маңызды екенін атап өтті.
Өнеркәсіптік саясат аясында шикізатқа тәуелділіктен арылып, терең өңдеуге негізделген модельге көшу жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы 600-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында жүн өңдеу, геотекстиль өндіру және өңірлерде мақта-тоқыма кластерлерін дамыту жобалары бар.
Сондай-ақ спикер 2022-2025 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі жол картасы табысты жүзеге асырылғанын атап өтті. Қазіргі уақытта 2026-2028 жылдарға арналған жаңа жол картасы әзірленуде. Аталған құжат саланың әлеуетін арттыруға, өндірісті кеңейтуге және отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған.
Негізгі бағыттардың қатарында жергілікті шикізатты пайдалану, реттелетін сатып алулардағы отандық өнім үлесін 80%-ға дейін жеткізу, сондай-ақ көлеңкелі импортқа қарсы таңбалау жүйесін енгізу көзделген.
Брифинг барысында цифрлық таңбалаудың нарықтың ашықтығын арттырып, заңсыз айналым көлемін азайтатын негізгі құралдардың бірі екені атап өтілді. Бірыңғай цифрлық таңбалау операторының өкілі жүйені енгізуге қажетті технологиялық негіздің толық қалыптасқанын жеткізді.
«Жеңіл өнеркәсіп саласында енгізіліп жатқан цифрлық таңбалау – нарықтың ашықтығын арттыруға ықпал ететін тиімді тетік. Бірыңғай оператор бұған дейін де әртүрлі тауар топтарына таңбалау жүйесін енгізіп, нақты тәжірибе жинақтаған. Соның нәтижесінде барлық жұмыс барысы реттеліп, қажетті инфрақұрылым толық қалыптасты. Аталған жүйені кең көлемде енгізуге толық дайын екенімізді көрсетеді.
2026 жылдан бастап таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу кәсіпкерлерге жаңа талаптарға біртіндеп бейімделуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл шаралар нарықтағы адал бәсекелестікті нығайтып, көлеңкелі айналымды азайтуға және тұтынушылар сенімін арттыруға жол ашады», – деді тауарларды таңбалау және қадағалау бойынша Бірыңғай оператор жобасының жетекшісі Ерлан Қарабаев.
Сөз соңында Мұхаммед Андаков отандық өндірушілерді қолдаудың маңыздылығын тілге тиек етті.
«Қазақстандық өнімді таңдау арқылы біз ел экономикасына үлес қосамыз, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеміз және халықтың әл-ауқатын арттырамыз», – деді ол.
Мемлекеттік органдар алдағы уақытта да қолдау шараларын кеңейтіп, инвестиция тарту және бәсекеге қабілетті өнім өндіру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.