
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев франциялық Bureau Veritas компаниясының Қазақстан, Моңғолия және Қырғызстан бойынша өңірлік атқарушы директоры Сибу Наирмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында министр Франция Қазақстанның Еуропадағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.
"Біз табысты халықаралық жобалардың негізінде жатқан диалог үшін ашықтықты, инновацияларға деген ұмтылысты және өзара тиімді әріптестікті жоғары бағалаймыз", – деді Ерсайын Нағаспаев.
Ерсайын Нағаспаев осы орайда Сибу Наирді Bureau Veritas компаниясының Еуропалық комиссияның сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін алдын ала дайындауға арналған грантын алуда ЕҚҚДБ халықаралық тендерінде жеңіске жетуімен құттықтады.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия – Еуропалық Одақ" саммитінде сөйлеген сөзінде Астанада Еуропалық Одақ институттарын тарта отырып, сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығын ("Ұлттық технологиялық болжау орталығы" РМК базасында) құруды ұсынған-ды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.
Bureau Veritas – тестілеу, инспекция және сертификаттау қызметтеріне мамандандырылған халықаралық компания. Ұйым 140-тан астам елде өнеркәсіп, тау-кен, энергетика, құрылыс, көлік, теңіз индустриясы, экологиялық бақылау және басқа да көптеген салалар бойынша қызмет көрсетеді.