Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану саласына ЖИ мен Big Data технологияларын қарқынды енгізуде

Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану саласына ЖИ мен Big Data технологияларын қарқынды енгізуде

Елімізде геология және жер қойнауын пайдалану саласын цифрландыру қарқынды түрде жалғасып, жасанды интеллект пен Big Data технологиялары кеңінен енгізілуде. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова MINEX Kazakhstan 2026 XVI тау-кен өнеркәсібі форумында мәлімдеді.

Жәннат Дүбірованың айтуынша, трансформацияның негізгі тетігі – Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы (ЖҚПБП) болды. Осы платформа аясында мемлекеттік қызметтер толық цифрландырылып, электронды аукциондар іске қосылды және қашықтан төлеу қызметтері енгізілді. Сонымен қатар геологиялық зерттелу деңгейі бойынша бірыңғай дерекқор қалыптастырылып, олар машинамен оқылатын форматқа көшірілуде. Сондай-ақ ЖҚПБП жүйесіне интеграциялану арқылы құрылымданған Big Data базасы жасақталуда.

Жоспар бойынша, бұл жұмыстардың нәтижесінде геологиялық деректердің 90 пайыздан астамы қамтылып, 3D интерактивті карталар енгізіледі және жер қойнауын пайдаланушыларға арналған цифрлық сервистер іске қосылады.

Айта кетейік, аталған жобаны іске асыру саладағы ашықтықты арттыруға, лицензиялау үдерістерін жеделдетуге және елдің табиғи ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған.