Техногендік ресурстарды пайдалану: магний және кремний қосындыларын өндірудің заманауи тәсілдері

Техногендік ресурстарды пайдалану: магний және кремний қосындыларын өндірудің заманауи тәсілдері

«Қазақстан Республикасы Минералдық шикізатты кешенді өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» РМК ғалымдары «Қостанай минералдары» АҚ кәсіпорнымен бірлесіп хризотил-асбест қалдықтарын қайта өңдеу технологиясын әзірледі.

Жоба «Ғылым қоры» АҚ-ның (№ 0253-17-МК «Хризотил-асбест техногендік шикізатынан бишофит өндіруді ұйымдастыру») гранттық қаржыландыруы арқылы ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобасы шеңберінде жүзеге асырылды.

Сонымен жобаны іске асыру барысында патенттелген тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғы іске қосылып, оны өндірісте қолдану фактісі тиісті актімен расталды. Әзірленген технология қосылған құны жоғары өнім алуға бағытталған.

Аталған шикізаттан бишофиттен (MgCl₂•6H₂O) бөлек, жоғары тазалықтағы синтетикалық карналлит (KCl•MgCl₂•6H₂O) алынды. Бұл өнім «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-да магнийді электролиттік жолмен өндіру үшін маңызды шикізат саналады. Мұны кәсіпорын қазіргі уақытта шетелден сатып алуда.

Осылайша, аталған технология өндіріске сәтті енгізілсе, еліміздің магний өнеркәсібі үшін импортқа тәуелділігін төмендету мүмкіндігі пайда болмақ.