Шикізаттан өнімге: Қазақстан индустриялық трансформацияны арттыруда

Шикізаттан өнімге: Қазақстан индустриялық трансформацияны арттыруда

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан MINEX Kazakhstan 2026 форумында жер қойнауын пайдалану саласын дамытудың негізгі басымдықтарын атап көрсетті.

«Қазақстан шикізаттық модельден қосылған құны жоғары өнімдер экономикасына көшуде. Басты басымдық — шикізатты ел ішінде терең өңдеу, заманауи технологияларды дамыту және ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған стратегиялық инвесторларды тарту», – деді ол.

«Сонымен қатар, біз қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруды көздейміз. Оны жетілдіру, жақсарту және жаңғырту қажет. Осыған байланысты өткен жылы саланы реттеуді жетілдіруге, инвестиция тартуға және рәсімдерді цифрландыруға бағытталған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы” кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілді», – деді Иран Шархан.

Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан реформалар пайдалы қазбаларды өндіру салығының орнына роялти жүйесін (табиғи ресурсты пайдаланғаны үшін төленетін төлем) енгізуді, сондай-ақ шикізатты өңдеу бойынша міндеттемелерді орындау шартымен жеңілдіктер берілетін «стратегиялық инвестор» мәртебесін заңнамалық тұрғыда бекітуді көздейді.

Еліміздің минералдық-шикізаттық базасын шамамен 10 мың кен орны құрайды. 2025 жылы алғаш рет 17 кен орны мемлекеттік тіркеуге алынды, олардың қатарында Көк-Жон, Алтын-Шоқы және Самомбет бар.

Ел аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелу деңгейін арттыру бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 2,038 млн шаршы шақырымға жетті. Мұны 2026 жылға қарай 2,2 млн шаршы шақырымға жеткізу жоспарланған. Басым бағыттардың бірі – геологиялық түсірілімнің неғұрлым егжей-тегжейлі масштабына көшу. Бұл болашағы зор учаскелерді тиімдірек анықтауға мүмкіндік береді.

2026 жылы қатты пайдалы қазбаларды барлау және өндіру құқығын беру үшін 50 кен орны бойынша аукцион өткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Астанада Ұлттық геологиялық қызмет базасында заманауи зертханалық кешен құру жобасы жүзеге асырылуда. Нысанды пайдалануға беру 2028 жылға жоспарланған.

Айта кетейік, MINEX Kazakhstan 2026 форумын өткізу Астанада 14-16 сәуір аралығына жоспарланған. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, бизнестің және халықаралық инвесторлардың өкілдері қатысуда. 100-ден астам спикер, 500-ден астам қатысушы, 40 экспонент және 33 елден 1000-нан астам келуші жиналады деп күтілген. Форумның негізгі тақырыптары – саланы реформалау, өңдеу секторын дамыту және жер қойнауын пайдаланудың инвестициялық тартымдылығын арттыру.