Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Jindal Group компаниясының бас директоры Хануман Раомен кездесті.
Әңгімелесу барысында Қазақстанның тау-кен металлургия саласындағы жетекші халықаралық компаниялармен стратегиялық әріптестікті дамытуға үлкен мән беретіні атап өтілді. Сондай-ақ еліміздің ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға қызығушылық тудыртатын базалық металдарды өндіру және қайта өңдеу саласындағы елеулі әлеуеті атап көрсетілді.
Министр сондай-ақ инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлады. Осы орайда ол цифрлық шешімдерді дамыту және жер қойнауын пайдалану, барлау мен өндіру құқықтарын алу үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз ету шараларын атап өтті.
Отандық тауар өндірушілерді шикізатпен басым тәртіппен қамтамасыз ету тетіктеріне сүйене отырып, металдарды терең өңдеу саласындағы жобаларды іске асыру және тұрақты шикізат базасын қалыптастыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты дамытуға және ынтымақтастықтың өзара тиімді бағыттарын пысықтауға дайын екендіктерін білдірді.
Jindal Group – Үндістандағы ең ірі өнеркәсіптік конгломераттардың бірі, оның активтерінің жиынтық құны шамамен 35 миллиард АҚШ долларын құрайды. Компания металлургия, энергетика, тау-кен өндірісі, инфрақұрылым, цемент өнеркәсібі және жаңартылатын энергетика салаларында жаһандық ойыншы саналады.