Ерсайын Нағаспаев Франция парламенттік делегациясының басшысымен кездесті

Ерсайын Нағаспаев Франция парламенттік делегациясының басшысымен кездесті

Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Франция Республикасы Сенатының Сыртқы істер, қорғаныс және қарулы күштер жөніндегі комиссиясы делегациясының басшысы Валери Буайемен кездесу өткізді.

Кездесу барысында министр Орталық Азиядағы франциялық сауда және инвестициялық ағындардың 80%-ға жуығы Қазақстанның үлесіне тиесілі екенін атап өтті. 2025 жылы өзара сауда көлемі 4,8 млрд долларға жетті.

"Бүгінде елімізде франциялық 260-тан астам компания, оның ішінде 70 бірлескен кәсіпорын тиімді жұмыс істеуде. Біз олардың қатысуын кеңейтуді құптаймыз және TotalEnergies, Alstom, Air Liquide, Airbus, Orano, Danone, Vicat, Lactalis, Renault Group, Suez, Veolia сынды тағы басқа да алпауыткомпаниялармен жемісті серіктестік орнағанын атап өткіміз келеді", – деді Ерсайын Нағаспаев.

Министр осы жылдың 5 мамырында Маңызды минералдар мен металдар жөніндегі дөңгелек үстел аясында жұмыс тобының бірінші отырысын өткізу жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұл формат 2025 жылғы желтоқсанда Парижде өткен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 16-шы отырысының қорытындысы негізінде қолға алынған.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Францияның Сыртқы сауда және экономикалық тартымдылық мәселелері жөніндегі министр-делегаты Николя Форисье Үкіметаралық комиссияның тең төрағалары.

Кездесу соңында тараптар халықаралық жобаларды іске асыру шеңберінде өзара тиімді әріптестік пен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға дайын екендерін растады.