AMMKZ цифрлық сыңарлар мен болжамды аналитиканы енгізуді жоспарлап отыр

AMMKZ цифрлық сыңарлар мен болжамды аналитиканы енгізуді жоспарлап отыр

Еліміздегі жетекші автомобиль өндіруші кәсіпорындардың бірі – Astana Motors Manufacturing Kazakhstan ірі кәсіпорындардың өндірістік үдерістеріне жасанды интеллект енгізу жөніндегі Жол картасы аясында басқаруды цифрландыру мен өндірісті автоматтандыру жұмыстарын жүргізуде. Былтыр қыркүйекте іске қосылған мультибрендті зауыт бүгінде цифрлық менеджмент құралдарын белсенді қолдануда. Өндірістің барлық кезеңдерінде 54 өнеркәсіптік робот жұмыс істейді. Алдағы уақытта цифрлық сыңарлар, IIoT (өнеркәсіптік заттар интернеті) негізіндегі болжамды аналитика және деректерді талдау жүйелерін енгізу жоспарланған.

Зауыттың өндірістік қуаты – екі ауысымда жұмыс істегенде, дәнекерлеу және бояу кезеңдерін қамтитын ұсақ торапты құрастыру әдісімен жылына 120 мың автокөлік құрайды.  Бір өндірістік алаңда Chery, GWM (Haval, Tank) және Changan сияқты үш жетекші қытай бренді бойынша өндірісті қамтамасыз ету үшін зауыт архитектурасына цифрлық шешімдер бастапқы кезеңнен-ақ енгізілген. Олар қосалқы бөлшектерді жеткізу логистикасынан бастап дайын өнімнің сапасын бақылауға дейінгі барлық үдерісті қамтиды.

Бүгінде AMMKZ зауытында цифрландыру өндірістік желілермен қатар басқару процестерін де қамтитын кешенді жүйе ретінде қалыптасқан. Кәсіпорынды басқарудың цифрлық негізін құрайтын басты шешімдер қатарына мыналар жатады:

  • 1С:ERP негізіндегі бизнес-процестерді, материалдық және өндірістік ағындарды басқарудың бірыңғай жүйесі;
  • жабдықтардың жүктемесін бақылап, өндірісті жедел басқаруға мүмкіндік беретін MES-жүйесі (қазірдің өзінде бос тұрып қалуды 12%-ға дейін қысқартқан);
  • жабдық жұмысының параметрлерін нақты уақыт режимінде бақылап, ауытқуларға қатысты жедел әрекет ететін SCADA-жүйесі (ақау деңгейін орта есеппен 10-20%-ға төмендетеді);
  • персоналды іріктеу, жұмыс уақытын есепке алу және оқыту үдерістерін автоматтандырған MyLink HR-экожүйесі;
  • құжат айналымы мен операциялық басқаруға арналған Creatio платформасы.

Сонымен қатар кәсіпорын MMS (Manufacturing Management System) өндірісті басқару жүйесі және QMS (Quality Management System) сапаны басқару жүйесі сияқты өз жүйелерін әзірлеуде. Бұл шешімдер өндірістік көрсеткіштер мен сапа параметрлерін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта олар тестілеу және өндірістік үдерістерге интеграциялау кезеңінен өтуде.

Зауыттың өндірістік бөлігінде, дәнекерлеуден бастап соңғы құрастыруға дейінгі желілерде әлемдік жетекші өндірушілер – ABB (Швеция–Швейцария) және FANUC (Жапония) компанияларының 54 өнеркәсіптік роботы пайдаланылады. Олар Automotive Engineering Corporation (Қытай), Siemens (Германия), Schneider Electric (Франция), Dürr (Германия) және басқа да брендтердің жабдықтарын қолданып жұмыс істейді.

Бұл ретте зауыттағы автоматтандыру ісі адам еңбегін алмастыру үшін емес, ең алдымен өндірістік қауіпсіздікті арттыруға және процестердің тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Орта есеппен бір автокөлік шанағы 135 болат бөлшектен тұрады, олар өзара шамамен үш мың дәнекерлеу нүктесі арқылы біріктіріледі. Роботтандырудың арқасында қосылыстардың дәлдігі артып, адами фактордың әсері азаяды. Сонымен қатар өндірістік қауіпсіздік те жақсарады, өйткені ең ауыр әрі қауіпті операциялар автоматтандырылған жабдықтарға жүктелген. Роботтар тұрақты жоғары сапаны сақтай отырып, жұмыстың жоғары қарқынын қамтамасыз етеді: әрбір желі сағатына 10-ға дейін шанақ шығаруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ЖШС директорының бірінші орынбасары Илья Рубцов.

Кәсіпорын дамуының келесі кезеңі жаңа цифрлық құралдарды енгізумен байланысты. Атап айтқанда, IIoT (өнеркәсіптік заттар интернеті) және деректерді талдау негізінде жабдықтарға қызмет көрсетудің болжамды моделіне көшу жоспарлануда. Бұл жоспардан тыс тоқтап қалуларды қосымша 20-30 %-ға қысқартуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Сонымен қатар цифрлық сыңарларды енгізу қолға алынуда. Бұл өндірістік процестерді желілерді тоқтатпай модельдеуге және жаңа өнімдерді өндіріске жедел енгізуге мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, еліміздегі бірқатар ірі кәсіпорын Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бекіткен Жасанды интеллектті енгізу жөніндегі Жол картасы аясында өндірістерін жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Құжат 41 инновациялық жобаны қамтиды. Бүгінде интеллектуалды басқару жүйелері жүздеген параметрді бір мезгілде талдап, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруды жеделдетуге, шығындарды азайтуға және операциялардың дәлдігін арттыруға мүмкіндік беруде.

Жол картасын іске асырып жатқан кәсіпорындар экономикалық тиімділікті де сезіне бастады. Мысалы, ERG компаниялар тобы кәсіпорындарында MES Alina цифрлық ассистентінің арқасында өткен жылы шамамен 1,5 млрд теңге үнемделсе, вагондарды цифрлық басқарудан көрген экономикалық пайда 245 млн теңгеден асты.

Айта кетейік, Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында салаларды цифрлық трансформациялауға ерекше назар аударылуда. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі QazIndustry АҚ-ның қатысуымен IT-компанияларды тарта отырып, өнеркәсіп кәсіпорындарына арналған оқыту вебинарларын ұйымдастырып, өндірісте озық цифрлық және роботтандырылған шешімдерді енгізу бойынша қолдау жұмыстарын жүргізуде. Бұдан бөлек, мемлекет кәсіпорындардың цифрлық жабдық сатып алуға жұмсаған шығындарының 40%-ын өтейді.