
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Valmont Industries компаниясының вице-президенті Шмит-Хольцман мырзамен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын және Қазақстанда суару техникасын өндіруді локализациялау мәселелерін талқылады.
Ерсайын Нағаспаев Valmont компаниясы ирригация саласы бойынша әлемдегі жетекші өндірушілердің бірі екенін, ал су ресурстарын тиімді басқаруға, өнімділікті арттыруға және ауыл шаруашылығы шығындарын азайтуға мүмкіндік беретін Valley технологиялары бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да кеңінен қолданылатынын атап өтті.
Министр Қазақстан өнеркәсіп саласын дәйекті түрде дамытып отырғанын, оның ішінде ауыл шаруашылығы техникасын қоса алғанда, машина жасау негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті. Елде индустриялық кооперация базасы қалыптасқан: John Deere, Claas, Deutz Fahr, Lovol сияқты әлемдік брендтер локализацияланған.
Кездесуде жаңбырлатқыш машиналар өндірісін дамытуға ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 5 негізгі кәсіпорын жұмыс істейді, олардың жалпы қуаты жылына 3 350 бірлікті құрайды.
Мемлекеттік қолдау аясында өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдер жасау тетігі жұмыс істейді, ол локализацияға қатысты өзара міндеттемелерге қарсы салықтық және кедендік жеңілдіктерді қарастырады. Сонымен қатар сұранысты ынталандыру шаралары да көзделген, осы орайда жаңбырлатқыш техникаларға арналған субсидиялар беріледі.
"Біз техниканы импорттауға ғана емес, өндірістік кооперация мен локализацияны дамытуға мүдделіміз. Министрлік тиісті жобаларды іске асыру кезінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын", – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өндіріс және заманауи ирригациялық мүмкіндіктерді енгізу бойынша ынтымақтастықты өрістетуге және бірлескен бастамаларды пысықтауға қызығушылық білдірді.