Ерсайын Нағаспаев Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрімен кездесті

Ерсайын Нағаспаев Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрімен кездесті

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрі Ким Чон Кванмен кездесу өткізді.

Әңгімелесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, сондай-ақ өнеркәсіп, құрылыс және геология салаларындағы өзара іс-қимылды ұлғайту мәселелерін талқылады.

«Қазіргі уақытта елдеріміз арасындағы өнеркәсіптік кооперация жалпы инвестиция көлемі шамамен 3,9 млрд АҚШ долларын құрайтын 46 бірлескен жобаны қамтиды. Бұл жобалар бойынша Hyundai және Kia маркалы жеңіл автокөліктерді, Hyundai жүк көліктері мен автобустарын шығару, SAC Co компаниясымен бірлесіп ферроқорытпа зауытын салу, Samsung Electronics-пен бірге тұрмыстық техника өндіру және басқа да негізгі бағыттар қамтылған», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі инвестициялар тарту, озық технологиялар мен басқарудың заманауи стандарттарын енгізу үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейтін, құқықтық арнайы мәртебе берілген Alatau city жобасын іске асыруға корей компанияларының қатысуының маңыздылығын атап өтті.

Геология саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Ерсайын Нағаспаев Geoscience & Exploration Central Asia 2026 халықаралық геология форумы шеңберінде Корея геоғылымдар және минералдық ресурстар институтының басшылығымен өткен кездесуді еске сала келіп, онда KIGAM-мен бірлескен бастамаларды пысықтау, жер қойнауын пайдалану саласына озық технологияларды енгізу және ынтымақтастықтың Жол картасын қалыптастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.

Өз кезегінде Ким Чон Кван екіжақты ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін атап өтіп, өнеркәсіп, инфрақұрылым және стратегиялық маңызды ресурстар салаларында әріптестікті одан әрі кеңейтуге қызығушылық білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге уағдаласты, сондай-ақ Үкіметаралық комиссияның 11-ші отырысын дайындау мәселесін талқылады.