
Астанада 2-3 сәуірде Geoscience & Exploration Central Asia 2026 халықаралық геологиялық форумы болды. Ауқымды іс-шараға Орталық Азия елдері үкіметтерінің, мемлекеттік органдардың, ұлттық геологиялық қызметтер және жетекші компаниялардың өкілдері қатысты.
Форум аясындағы басты оқиға «Орталық Азия геологиясы: мүмкіндіктер аумағы – XXI ғасырдың сын-тегеуіріндері мен перспективалары» тақырыбындағы пленарлық отырыс болды. Оған Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, сондай-ақ өңір елдерінің үкіметтері, салалық министрліктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Отырыс Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы геологияның рөлін қайта қарастыру және жаһандық трансформация жағдайында минералдық-шикізат әлеуетін басқарудың жаңа тәсілдерін қалыптастыру мәселелеріне арналды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өз сөзінде форум барысында жүргізілген талқылаулар, айтылған пікірлер қазіргі таңда геологияның тек салалық деңгеймен шектелмей, экономикалық және технологиялық дамудың маңызды құрамдас бөлігіне айналып отырғанын көрсеткенін атап өтті.
«Орталық Азия минералдық-шикізат мүмкіндіктері бойынша перспективалы өңірлердің бірі ретінде айқын қалыптасып келеді. Бүгінде біз жер қойнауын игерудің дәстүрлі моделін түбегейлі қайта қарауды талап ететін кезеңде тұрмыз. Сұраныс құрылымы өзгеруде, перспективалы ресурстар тереңдей түсуде, ал тұрақтылық пен экологиялық жауапкершілікке қойылатын талаптар артып келеді. Осы тұрғыда Қазақстан өзінің минералдық-шикізат базасын кең ауқымды өңірлік экожүйенің бір бөлігі ретінде қарастырады. Айтарлықтай әлеуетке қарамастан, қолда бар ресурстарды ұтымды және тиімді пайдалану негізгі міндет болып қала береді», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Министрдің мәліметінше, Қазақстанда жалпы шамамен 10 мың кен орны есепке алынған. Оның 1 мыңнан астамы қатты пайдалы қазбалар, 359-ы көмірсутектер, 3 700-ден астамы кең таралған пайдалы қазбалар және шамамен 4 900-і – жерасты су көздері.
Министр Жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау жөніндегі үкіметаралық кеңес аясындағы ынтымақтастықтың, халықаралық серіктестіктің және жаһандық технологиялық компаниялардың қатысуының айырықша маңызын атап өтті.
«Қазақстан геология саласында өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге және бірлескен бастамаларды іске асыруға ашық», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Сонымен қатар форумда тақырыптық сессиялар өтті, оларда қатысушылар гидрогеологияның су ресурстарын тұрақты басқарудағы рөлін және өңірдің өзекті су-энергетикалық сын-қатерлерін, Орталық Азия өңіріндегі минералдық ресурстар мен қорлар туралы жария есептіліктің стандарттары мен дамуын талқылады. Геологиялық қызметтер басшыларының ашық диалог форматында отырысы өтіп, онда өзара ынтымақтастық перспективалары, тау-кен компаниялары үшін оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру және гранттар алу мүмкіндіктері қарастырылды.
Форум аясында Орталық Азия елдерінің салалық министрліктері басшыларының кеңесі өтті, онда іс-шараның қорытындылары шығарылып, геология саласының негізгі сын-қатерлері және одан әрі ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Қатысушылар сындарлы диалог үшін бір-біріне ризашылықтарын білдірісіп, өзара іс-қимылды тереңдетуге дайын екендіктерін растады.