Еліміздің машина жасау секторы тұрақты өсім көрсетуде

Еліміздің машина жасау секторы тұрақты өсім көрсетуде

Машина жасау ел экономикасының негізгі бағыттарының бірі ретінде өз позициясын сақтап, өндіріс көлемінің тұрақты өсуін көрсетуде.

2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында машина жасау секторындағы өндіріс көлемі 15,5%-ға артты. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 13,4%-ға өседі деп жоспарлануда.

Ақшалай мәнде есепті кезеңде машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 13,6%-ға ұлғайып, 780,3 млрд теңгеден асты.

Өндіріс өнімдері көлемінің қаржылық тұрғыда өсуі автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісінің 27,7%-ға, өзге көлік құралдарының 32,5%-ға, компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтардың 29,9%-ға артуы есебінен қамтамасыз етілді.

2026 жылдың алғашқы екі айының қорытындысында машина жасау саласының өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 18,6%-ды құрады, ал жалпы өнеркәсіптегі үлесі 8,5%-ға жетті.

Сонымен қатар машина жасау саласы айтарлықтай инвестициялар ағынын тартуда. 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында саланың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 16 млрд теңгені құрады. Бұл ретте инвестициялардың өсуі электр жабдықтарын өндіру саласында байқалады.

2025 жылдың қорытындысына қарасақ, машина жасау саласына салынған инвестициялар 30%-ға артып, 376,6 млрд теңгеге жетті. Елге Samsung, Sany Group, KIA, Hyundai, Wabtec, Alstom, Stadler, GWM, Claas, John Deere, Zoomlion, Sampo, Lovol, Amazone, Honeywell сияқты басқа танымал халықаралық брендтер тартылды.

Жалпы, 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша машина жасау секторында 4 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Сонымен қатар 2026 жылы машина жасау саласында 3,5 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін шамамен 25 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Айта кетейік, 2025 жылы машина жасау саласы оң динамика көрсетті. Өндіріс көлемі 12,9%-ға өссе, ақшалай мәнде 18%-ға артып, 5,7 трлн теңгеге жетті. Осы кезеңде кемінде 40 өндіріс орны  іске қосылып, 656 млрд теңге инвестиция тартылды және 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды.