
Бүгін Астанада Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы салтанатты түрде ашылды. Форум – саланы одан әрі дамыту мәселелерін талқылауға арналған мемлекет пен бизнес арасындағы басты диалог алаңы.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков алғы сөзінде машина жасау саласы экономиканың негізгі драйверлерінің бірі болып қала беретінін және өңдеу өнеркәсібінің шамамен 20%-ын қалыптастыратынын атап өтті.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша сала тұрақты оң динамика көрсетті: өндіріс көлемі шамамен 18%-ға өсіп, 5,7 трлн теңгеден асты. Автомобиль жасау, теміржол және электротехникалық машина жасау сияқты сегменттер елеулі үлес қосты», – деп атап өтті Олжас Сапарбеков.
Жаһандық сын-қатерлер жағдайында жергіліктендіруді тереңдетуге, заманауи технологияларды енгізуге және құрамдас бөлшектер өндірісін дамытуға ерекше назар аударылуда. Отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және экспорттық әлеуетті кеңейту басым бағыттар болып қала береді.
Бұл мәселелер «Машина жасауды дамытудың кешенді жоспарын іске асыру» панельдік сессия аясында талқыланып, саланың одан әрі өсуінің негізгі бағыттары айқындалды. Сессия модераторы – Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.
Талқылау барысында Қазақстан өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып отырғаны атап өтілді. Салықтық жеңілдіктер, артықшылықтар мен индустриялық аймақтарды дамыту сияқты мемлекеттік қолдау шаралары капитал салымдарының өсуіне ықпал етуде.
Қаржылық қолдаумен қатар білім трансфері, инженерлік орталықтар құру және білікті кадрларды даярлау сияқты технологиялық дамудың маңыздылығы да атап өтілді.
«Ұзақ мерзімді нәтиже тек қаржылық инвестициялар есебінен ғана емес, сонымен қатар технологиялық базаны дамыту арқылы да қол жеткізіледі. Бірлесіп жұмыс істеуге дайын технологиялар мен серіктестерді тарту маңызды. Бұл білім трансферін, ғылыми-зерттеу және конструкторлық орталықтар құруды, күрделі жабдықтарды жергіліктендіруді және мамандар даярлауды қамтиды», – деді Азат Перуашев.
Қатысушылар сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдау тетіктерін жетілдіруді, цифрлық платформаларды дамытуды және бірыңғай өнеркәсіптік экожүйе қалыптастыруды талқылады. Ұзақ мерзімді және оффтейк-келісімшарттар, ішкі құнды дамыту, сондай-ақ Ұлттық тауарлар каталогы мен Отандық тауар өндірушілер тізілімі сияқты ынталандыру құралдары қарастырылды.
Сессия аясында салтанатты марапаттау рәсімі өтті: машина жасау саласының 20 еңбек сіңірген қызметкері «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісімен марапатталды.
Марапатталғандар:
Марапаттарды табыстау кәсіпорын басшыларының да, жұмысшы мамандық өкілдерінің де еңбегін мойындаудың белгісіне айналды.
Форум екі күн бойы өтеді және 1000-нан астам қатысушыны, оның ішінде 20-дан астам елден келген 100-ден астам шетелдік делегатты біріктіреді. Негізгі тақырыптар – өнеркәсіптік саясат, цифрландыру, роботтандыру және инвестициялар тарту.
3 сәуірде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен пленарлық отырыс өтеді. Онда Digital Qazaqstan стратегиясы аясында роботтандыруды дамыту және саланың болашақ басымдықтары қарастырылады.
Форум аясында 1–3 сәуір аралығында «EXPO» халықаралық көрме орталығында Kazakhstan Machinery Fair 2026 VII халықаралық көрмесі өтуде. Көрмеге 24 елден 280-нен астам компания қатысып, жалпы аумағы 10 000 м²-ден асады.
Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы ұйымдастырушылары – ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қазақстан машина жасаушыларының одағы.
Бас серіктестер – «Теңізшевройл» ЖШС, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Атамекен» ҚР ҰКП.
Ресми серіктестер – «Астана-Экспо КС» көрме компаниясы, Eurasian Resources Group, «Railways System KZ» ЖШС, «Allur» компаниялар тобы, Astana Motors.
Серіктестер – «Каспий құбыр консорциумы» АҚ, Қазақстан өнеркәсіптік инвесторлар одағы, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ, «Самрұқ-Энерго», «Қайнар – АКБ» ЖШС.