
2026 жылғы 1 сәуірде Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде экстремизмнің алдын алу және деструктивті идеологияларға қарсы орнықтылықты қалыптастыру мәселелері бойынша семинар өтті.
Іс-шара барысында қатысушыларға деструктивті діни ағымдардың негізгі белгілері, оларды ерте анықтаудың заманауи тәсілдері, сондай-ақ осы саладағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктің құқықтық негіздері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті нормаларын талдау арқылы түсіндірілді.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметте зайырлылық қағидаттарының мәні мен оларды практикалық тұрғыда қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Дәрісті Астана қаласы Дін істер басқармасына қарасты «Қамқор» қоғамдық қорының қолдауымен теолог Сақан Дастан жүргізді.
Баяндама барысында қатысушыларға деструктивті идеологияларға тартылу тәуекелдерін тану және мемлекеттік қызметшілердің құқықтық әрі дінтанулық сауаттылығын арттыру бойынша практикалық ұсынымдар берілді.
Аталған семинар Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Д. Сыздықованың жұмыс жоспарын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәдениетін арттыруға, экстремистік идеологияларға қарсы иммунитетті нығайтуға және қызметтік қызмет барысында зайырлы мемлекет қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған.