Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Астанадағы "EXPO" халықаралық көрме орталығының алаңында ұйымдастырылған VII халықаралық мамандандырылған Kazakhstan Machinery Fair 2026 көрмесінің ашылу рәсіміне қатысты.
Өз сөзінде министр саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және шетелдік серіктестермен кооперацияны кеңейту басым бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтті.
«Kazakhstan Machinery Fair көрмесі іскерлік байланыстарды нығайтуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және отандық өнімді ішкі әрі сыртқы нарықтарға ілгерілетуге тиімді алаң болады деп сенемін», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Министр сондай-ақ машина жасау саласын дамыту мақсатында өндірісті локализациялауды тереңдету, заманауи технологияларды және автоматтандыруды енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Ерсайын Нағаспаев машина жасау саласының өңдеуші өнеркәсіптің негізгі бағыттарының бірі ретінде тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде бұл секторда 4 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, оларда шамамен 130 мың адам еңбек етеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша машина жасау саласындағы өнім өндіру көлемі 18%-ға өсіп, шамамен 6 трлн теңгеге жетті.
Kazakhstan Machinery Fair 2026 көрмесі – машина жасау және металл өңдеу секторындағы заманауи технологияларды, жабдықтарды көрсетуге және кооперацияны дамытуға арналған негізгі салалық алаң. Көрмеде әлемнің 19 елінен келген 250-ден астам компания өз өнімдерін ұсынуда.