Үкіметте жаңа Конституция нормалары шеңберінде инновацияларды дамыту мәселелері қаралды

Үкіметте жаңа Конституция нормалары шеңберінде инновацияларды дамыту мәселелері қаралды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында нақтыланған нормалар аясында инновацияларды дамыту мәселелері қаралған Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев сөз сөйледі.

Министр өз сөзінде инновациялар мен технологиялық жаңғыртуды дамыту өнеркәсіптік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Министрдің айтуынша, цифрлық трансформация, Индустрия 4.0 технологияларын енгізу, индустриялық инфрақұрылымды дамыту және отандық өндірістерді жаңғыртуға қажетті инвестицияларды ынталандыру жөніндегі шараларды іске асыру қазірдің өзінде нақты оң нәтижелер көрсетуде.

"Қазақстан Республикасының өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының инновацияларға жұмсаған шығындары 2021 жылмен салыстырғанда 4,5 есеге өсіп, 1,9 трлн теңгеге жетті", –  деді Ерсайын Нағаспаев.

Бұл ретте 500 өнеркәсіптік кәсіпорынның технологиялық тұрғыда жетілуіне қатысты бағалау жүргізілді, оның қорытындысы бойынша өндірістік үдерістерді жаңғырту бойынша 23 ұсыным әзірленді. Жасанды интеллектті енгізу бойынша Жол картасы шеңберінде ЖИ-ді қолдану арқылы 11 қанатқақты жоба іске асырылды.

Ерсайын Нағаспаев инновацияларды табысты енгізудің мысалдары ретінде тау-кен металлургия кешенінде (ТМК) бірқатар жобалардың іске асырылғанын атап көрсетті.

Министрдің айтуынша, Аяқ-Қожан, Ақтоғай, Алмалы кен орындарында, сондай-ақ Қоңырат үйінділерінде және Бозшакөл фабрикаларында төмен сұрыпты мыс құрамды шикізатты өңдеуге арналған байыту-гидрометаллургиялық біріктірілген технологиялар қолданылуда. Бұл технологиялар жылына 50 мың тоннадан астам катодты мыс өндіруге мүмкіндік беріп, нәтижесінде оны сату көлемі 350 млн АҚШ долларына дейін жетуде.

"Берқара" кешенінде (Arx Minerals ЖШС) үймелі шаймалау технологиясын енгізу есебінен катодты мыс өндірудің жобалық қуаты жылына 5 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. 

Қаратау кен орнында ванадий құрамды кварциттерді гидрометаллургиялық өңдеу іске асырылып, ванадийді алу деңгейі 85%-дан, ал молибденді алу 77%-дан асты.

Бұғыты кен орнында шеелитті кендерді өндіру және өңдеу технологиясын оңтайландыру нәтижесінде вольфрам кендерін өңдейтін зауыт іске қосылып, жылына қосымша 100 тоннаға дейін вольфрам триоксиді өндіріле бастады («Жетісу Вольфрамы» ЖШС).

Балқаш мыс балқыту зауытында ілеспе компоненттерді кешенді түрде алу үшін қалпына келтіретін электрбалқыту технологиясы әзірленді (мыс – мыс шламы, құрамында алтын мен күмісі бар қара қорғасын, сүрмелі балқымалар). Бұл технология жылына мыңнан астам тонна құрамында бағалы металдар бар шлакты қайта өңдеуге мүмкіндік береді.

"Жезқазғанредмет" кәсіпорнында ыстыққа төзімді никель қорытпаларының қалдық шикізатын қайта өңдеу (рециклинг) технологиясы енгізіліп, нәтижесінде рений өндірісі 10 есеге (700 кг-нан 7,5 тоннаға дейін) артты. Сонымен қатар никель, кобальт және басқа да легирлеуші элементтерді қосымша алу қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар Ерсайын Нағаспаев машина жасау саласындағы инновацияларды дамыту шеңберінде өндірісті роботтандыру басымдықтардың бірі саналатынын мәлімдеді.

Министр қазіргі уақытта елде өнеркәсіптік роботтардың тығыздығы 10 мың жұмысшыға шаққанда 10 бірлікті құрайтынын, бұл әлемдік жетекші елдердің (400-800 бірлік) көрсеткіштерінен едәуір төмен екенін жеткізді.

"Роботтандыруды дамыту және өндірістегі мамандар тапшылығын азайту мақсатында кәсіпорынды басқарудың автоматтандырылған жүйесін, деректерді талдауды, жасанды интеллект элементтерін және цифрлық платформаларды, сондай-ақ өнеркәсіптік роботтар мен машиналық көру жүйелерін қоса алғанда, цифрлық шешімдерді енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша  300-ден астам робот орнатылды, оның ішінде FANUC және ABB сынды компаниялардың өнімдері кездеседі. Айтылған мысалдардың ішінде 68 робот орнатылған KIA Qazaqstan зауыты мен 54 робот пайдаланылатын Astana Motors кәсіпорны бар", – деді Ерсайын Нағаспаев.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі сөзінің соңында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп "Digital Kazakhstan" жалпыұлттық стратегиясы аясында экономика салаларын роботтандыру бойынша жобалық кеңсе құру жоспарланып отырғанын атап өтті.