Ерсайын Нағаспаев Danieli Group өкілдерімен кездесті

Ерсайын Нағаспаев Danieli Group өкілдерімен кездесті

Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Danieli Group компаниясының өкілдері – ТМД елдері бойынша вице-президент Антонелло Колусси және әріптес басқарушы Арман Чугарянмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар металлургия саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Danieli Group өндірісін Қазақстан Республикасының аумағында локализациялау, отандық кәсіпорындармен өнеркәсіптік серіктестік ауқымын кеңейту, сондай-ақ өндірістік үдерістерге озық технологиялық мүмкіндіктерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Министр өз кезегінде Danieli Group компаниясының мүмкіндіктерін, құзыретінің жоғары деңгейін атап өтті. Бұған қоса, еліміздегі мемлекеттік қолдау шараларын, салықтық және кедендік жеңілдіктерді, сондай-ақ өндірістерді арнайы экономикалық аймақтар аумағында орналастыру мүмкіндіктерінің бар екенін, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын жеткізді. Осы орайда Қазақстанның жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға және металлургия саласында өнімнің қосылған құнын өңдеу арқылы арттыру үшін халықаралық алдыңғы қатарлы компанияларды тартуға мүдделі екені атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта сындарлы ынтымақтастықты, өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растады әрі серіктестікті тереңдетуге және Қазақстанның өнеркәсіп секторын тұрақты дамытуға бағытталған бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.