Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде Наурыз мейрамы аталып өтті

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде Наурыз мейрамы аталып өтті

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде Наурыз мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік жиында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ведомство қызметкерлерін табиғаттың жаңаруын, тіршіліктің оянуын бейнелейтін, бейбітшілік пен ізгілікке шақыратын әрі бар жақсылықтың нышаны саналатын Әз-Наурыз мерекесімен құттықтады.

«Сіздерді ұлы мереке – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Биылғы жаңару кезеңі елдегі маңызды өзгерістермен – Қазақстанның негізгі заңы – жаңа Конституциямыздың қабылдануымен тұспа-тұс келді. Енді біздің еліміз өз дамуының сапалы жаңа кезеңіне аяқ басты. Бұл оң өзгерістердің ел игілігіне айналып, одан әрі сәтті жүзеге асуы біздің ауызбіршілікпен атқарар жұмысымызға тікелей байланысты. Баршаңыздың саланы дамытуға қосып келе жатқан үлестеріңіз ел болашағы үшін зор маңызға ие», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Мерекеде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қызметкерлерінің балалары домбырамен күй тартып, ән шырқады. Мерекелік жиында «Тұсаукесер» рәсімі көрсетілді, сондай-ақ "Самға" тобы өздерінің билерімен көпшіліктің ықыласына бөленді.

Іс-шара аясында арнайы ұйымдастырылған "Үздік ұлттық киім" байқауы мен "Асық ату" ұлттық ойынының жеңімпаздары мен жүлдегерлері грамоталар және естелік сыйлықтармен марапатталды.

"Үздік ұлттық киім" байқауының жеңімпазы мен жүлдегерлері:

  • 1-орын – ӨҚМ Жер қойнауын пайдалану департаментінің бас сарапшысы Айжан Әбдірашитова;
  • 2-орын – "Ұлттық геологиялық қызмет" АҚ-ның менеджер-іс жүргізушісі Айсұлу Мұстафина;
  • 3-орын – ӨҚМ Қоғамдық коммуникациялар департаментінің бас сарапшысы Динара Сапархан.

 "Асық ату" жарысы бойынша:

  • 1-орын – ӨҚМ Жер қойнауын пайдалану департаменті басқармасының басшысы Саят Исатов;
  • 2-орын – ӨҚМ Өнеркәсіп комитетінің сарапшысы Нұрсұлтан Шалғымбай;
  •  3-орын – ӨҚМ Қорғаныс өнеркәсібі кешені департаментінің бас сарапшысы Бақытжан Әбдіраш.

    Салтанатты іс-шараны аяқтай отырып, қатысушылар бір-біріне амандық, өркендеу және барлық бастамаларды жүзеге асыруда табыс тіледі. Наурыз мерекесі әр үйге қуаныш, өркендеу әкеліп, халықтың бірлігін нығайтатыны атап өтілді.