Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Жаһандық қатынастар және ынтымақтастық жөніндегі директораты Еуразия бөлімінің басшысы Уильям Томпсонмен кездесті.
Сондай-ақ кездесуге Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Салли Аксуорси қатысты.
Тараптар Қазақстанның ЭЫДҰ-мен ұзақ мерзімді ынтымақтастығы перспективаларын және Орталық Азиядағы аса маңызды минералдар бойынша есептің нәтижелерін атап өтті.
«Біз бұл өзара іс-қимылды халықаралық үздік тәжірибелермен алмасу және оларды экономикаға одан әрі енгізу үшін белсенді қолданып келеміз. Қазақстан ЭЫДҰ-ның Responsible Business Conduct қағидаттарын корпоративтік басқаруға, экологиялық және әлеуметтік саясатқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктерге және жауапты жеткізу тізбектеріне дәйекті түрде енгізуде», – деді Ерсайын Нағаспаев. Сондай-ақ ол қазақстандық металдардың әлемдік өнеркәсіптің озық салаларына интеграцияланғанын атап өтті.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара қатынасты, оның ішінде аса маңызды шикізаттарды ЭЫДҰ мен ЕО елдеріне жеткізу бойынша әріптестікті нығайтуға ниетті екендерін растады.