Ерсайын Нағаспаев Дүниежүзілік банк өкілімен кездесті

Ерсайын Нағаспаев Дүниежүзілік банк өкілімен кездесті

Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Дүниежүзілік банктің Қазақстан мен Түрікменстандағы тұрақты өкілі Андрей Михневпен кездесті.

Тараптар ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйін талқылай келіп, тау-кен металлургия кешенін дамытуға және «Қазақстан Республикасының тау-кен өнеркәсібінің инвестициялық ахуалын бағалау» атты есеп жобасына ерекше назар аударды.

«Дүниежүзілік банктің 2023 жылы жариялаған бірқатар ұсынымы өткен жылдың 30 желтоқсанында Мемлекет басшысы қол қойған заңда бекітілген. Үкімет 2023 жылы сирек және сирек кездесетін қазба металдар саласын дамытудың кешенді жоспарын бекітті. Бұл құжат 2028 жылға дейінгі кезеңде саланы кезең-кезеңімен реформалау мен кешенді дамытудың негізгі көзқарасы мен тәсілдерін айқындайды», — деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Әңгіме барысында Дүниежүзілік банк тарапынан негізгі басымдықтар ретінде геологиялық барлауға жұмсалатын шығындарды бірнеше есе арттыру, 2030 жылға қарай мыс өндіру көлемін ұлғайту және ресурстардың сарқылуын өтеу әрі саланың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өндірілетін металдарды ел ішінде толық өңдеу қажеттігі аталды.

Сондай-ақ тараптар капитал тартуға кедергі келтіретін негізгі факторларды, соның ішінде әлемдік нарықтарға қолжетімділіктің шектеулігін талқылады. Бұл мәселелерді шешу үшін реттеудің ашықтығына және бастапқы геологиялық барлау жұмыстарында мемлекеттік инвестицияларға басымдық беру ұсынылды.

Министр кездесу қорытындысында Андрей Михневті 2-3 сәуір күндері өтетін «Geoscience & Exploration Central Asia» халықаралық геологиялық форумына және 11-12 маусымда болатын 16-шы «Astana Mining and Metallurgy» халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды. Аталған іс-шаралар аясында Critical Minerals Dialogue өткізу жоспарланған.

Министр Ерсайын Нағаспаев қалыптасқан өзара іс-қимылды жоғары бағалап, министрліктің елдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында Дүниежүзілік банкпен әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.