
Өнеркәсіп орнын іске қосу немесе оның әлеуетін арттыру кезінде технологиялық жабдыққа жұмсалатын шығындар жалпы бюджеттің 70-80%-ына дейін жетуі мүмкін. Мұндай үлкен қаржылық салмақ кәсіпорындардың дамуын тежейді. Осындай жағдайда инвестиция шығындарының бір бөлігін қайтаруға мүмкіндік беретін «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы арқылы ұсынылатын мемлекеттік қолдау, ынталандыру тетіктері өз тиімділігін көрсетіп отыр.
Бизнес пен мемлекет арасындағы оңтайлы әріптестік жетістігінің жарқын мысалдарының бірі – Павлодар қаласындағы TeploCom компаниясы. Компания бес жылдан астам уақыт бойы полиуретанды көбікті оқшаулағышы бар (ППУ оқшаулағыш) құбырлар мен фасонды бұйымдар шығарумен айналысып келеді. Бұл өнім Қазақстанда жоғары сұранысқа ие. Себебі елде жылу желілерін жаңғырту жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Оның үстіне жылу тұтынушылар саны да жыл сайын артып келеді.
Өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету үшін компания өндірісті кең ауқымды жаңғыртып, заманауи жабдықтар сатып алды. Соның ішінде негізгі жабдықтардың бірі – ПК-450 құю машинасы. Бұл жоғары дәлдіктегі қондырғы өндірістің ең күрделі кезеңдерінің бірі – құбырлар арасындағы кеңістікті пенополиуретанмен толтыру процесін автоматтандырады. Нәтижесінде бұл TeploCom компаниясының өндірістік әлеуетін арттырды.
Жабдықтағы интеллектуалды басқару жүйесі құбыр диаметрі мен оқшаулағыштың қажетті тығыздығына қарай компоненттердің пропорциясын өзгертуге мүмкіндік береді. Температураны дәл бақылау пенополиуретанның сапасын жақсартса, шикізат шығынын автоматты түрде есепке алу жүйесі әр өнім бірлігінің өзіндік құнын нақты талдауға мүмкіндік береді және материалдарды ысырап етпеуге көмектеседі.
Кәсіпорында құю желісімен қатар төмен қысымды полиэтиленнен қорғаныш құбыр-қабықшаларын өндіруге арналған экструзиялық желі іске қосылды. Бұл өндірістегі қалдықтарды азайтуға және құрамдас бөлшектер бойынша сыртқы жеткізушілерге тәуелділіктен толық арылуға мүмкіндік берді.
Жаңа жабдықтың жалпы құны 87,6 млн теңгені құрады. QazIndustry мемлекеттік қолдау шаралары аясында компания шығындарының 40%-ын, яғни 35 млн теңгесін өтеп берді.
«Технологиялық жабдық – кез келген кәсіпорынның жүрегі. Қазіргі жағдайда бизнестің тұрақтылығы мен табысы өндірістік станоктар мен желілердің инновациялық деңгейіне тікелей байланысты. Мемлекеттік қолдау компанияларға қаржылық кедергілерді еңсеруге көмектеседі. QazIndustry арқылы шығындардың бір бөлігін өтеу мүмкіндігі бізге босатылған қаражатты өндірісті одан әрі дамытуға бағыттауға мүмкіндік берді», – дейді TeploCom ЖШС директоры Ержан Жабаев.
Жаңғырту нәтижесінде кәсіпорынның өндірістік қуаты айтарлықтай артты. Құбыр өндірісі 2 есеге, ал фасондық бұйымдар өндірісі 1,5 есеге өсті. Өндірістік үдерістерді автоматтандыру өнім сапасын жақсартып қана қоймай, компанияға ішкі нарықтағы өз позициясын нығайтып, тұтынушылар сұранысына жедел жауап беруге жол ашты.
Еске сала кетейік, QazIndustry – кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыру және өнімді ішкі нарыққа ілгерлету бойынша шығындарын өтейтін ұлттық оператор. 2025 жылы отандық кәсіпорындардың 1,4 млрд теңгеден астам шығыны өтеліп, 60-тан астам кәсіпорын мемлекеттік қолдауға ие болды.
Өткен жылдың соңында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өтелетін шығындар тізімін кеңейтті. Алғаш рет компаниялар негізгі тауарларын ел ішінде теміржол көлігімен тасымалдағанда кететін шығындарының 50%-ына дейін өтемақы алатын болды. Сонымен қатар өнімді халықаралық сертификаттау шығындары бойынша өтемақы көлемі де едәуір көбейді.
Бизнесті ынталандыру шаралары туралы толық ақпарат qazindustry.gov.kz сайтында орналастырылған. Сонымен қатар әр сейсенбі және бейсенбі күндері QazIndustry кеңсесінде Ашық есік күндері өткізіледі. Кеңес алу үшін +7 (7172) 79 33 99 (ішкі 444) байланыс телефонына хабарласуға болады.