
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға және терең қайта өңдеу ісін ілгерілетуге қатысты тапсырмаларын орындау шеңберінде Қазақстан экспортының шикізат секторына тәуелділігін төмендетуге және технологиялық жағынан анағұрлым күрделі салаларды дамытуға бағытталған экономиканың құрылымдық трансформациясы жалғасуда.
Осылайша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі базалық шикізатты терең өңдеуге және локализацияланған өндірістерді дамытуға баса назар аудара отырып, жүйелі жұмыс жүргізуде.
Өңдеу өнеркәсібі өндіруші саладан алға шықты
Айта кетейік, еліміздегі өңдеу өнеркәсібі жыл сайын тұрақты өсу қарқынын көрсетіп келеді. 2024 жылдан бастап үлесі 11,9%-ды құрайтын бұл саланың көрсеткіші тау-кен өндіру секторынан асып түсті, бұл экономиканың негізгі секторлары арасындағы құрылымдық өзгерістерге әкелді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,7%-ға жетті. Көрсеткіштердің өсуі бірқатар салалардың, соның ішінде металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары, резеңке және пластмассадан жасалған бұйымдар өндірісі, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіптің дамуы есебінен қамтамасыз етілді.
2025 жылдың қорытындысына қарасақ, өңдеу өнеркәсібінің өндірісі 6,4%-ға ұлғайды. Өсім барлық негізгі сегменттерде байқалды. Өндірістік көрсеткіштер металлургияда – 1,2%-ға, машина жасауда – 12,9%-ға, химия өнеркәсібінде – 9,8%-ға, құрылыс материалдары өндірісінде – 9,7%-ға, жеңіл өнеркәсіпте – 13,2%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын шығаруда – 7,6%-ға, сондай-ақ дайын металл бұйымдарын өндіруде 13,6%-ға өсті.
Металлургия өнеркәсібінде қара металлургия өнімін өндіруді 4,3%-ға ұлғайту есебінен өндіріс көлемі 1,2%-ға артты. Атап айтқанда, ферроқорытпалар өндіру көлемі – 7,7%-ға, шойын – 5,3%-ға, болат – 3,9%-ға, прокат – 6,4%-ға, құбырлар шығару 3,2%-ға өсті.
Сондай-ақ машина жасау саласы айтарлықтай ілгерілеп отыр. Сектордағы өсім 12,9%-ды құрады. Бұл автокөлік өндірісінің 17,5%-ға, өзге де көлік құралдарының – 3,8%-ға, ауыл шаруашылығы техникасының – 18,1%-ға, электр жабдығының – 16,0%-ға, компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар шығарудың 1,5 есеге ұлғаюының арқасында мүмкін болды.
Химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі полипропилен өндірісінің 65,5%-ға, аммофос – 63,3%-ға және аммиак селитрасының 10,3%-ға өсуі есебінен 9,8%-ға артты.
Құрылыс материалдары өндірісі 9,7%-ға өсті. Өсім тауарлық бетон шығару көлемін 0,8%-ға, құрылыс ерітінділерін – 9,5%-ға, әкті – 7%-ға, отқа төзімді бұйымдарды – 3,5%-ға, цементті – 17,2%-ға және бетоннан құрастырылған құрылыс конструкцияларын – 2,4%-ға ұлғайту арқасында қамтамасыз етілді.
Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі 13,2%-ға өсіп, жоспарлы көрсеткіштен асып түсті. Тарқата айтсақ, салада тоқыма бұйымдар өндірісінің 23,5%-ға және былғары – 2,2%-ға артуының арқасында оң динамикаға қол жеткізілді.
Өнеркәсіп саласында жаңа өндіріс орындары іске қосылуда
Сонымен қатар, өнімділікті арттыруға, экономиканы технологиялылық тұрғыда жетілдіре түсуге және терең қайта өңделген, қосылған құны жоғары өнім шығару үшін жағдай жасауға бағытталған өнеркәсіптік саясатты іске асыру барысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша 1,5 трлн теңге сомасына 190 жоба қолға алынып, нәтижесінде 22,5 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 6,7 мың жұмыс орны ауылдық жерлерге, ал 1,5 мыңы моноқалаларға тиесілі. Жобалар толық қуатқа ие болғаннан кейін олардың жиынтық өндіріс көлемі шамамен 2,3 трлн теңгені құрайды. Бұл ретте құны 0,8 трлн теңгенің өнімін экспорттау жоспарлануда, ал импортты алмастыру көлемі 1,5 трлн теңгені құрайды.
2025 жылы елімізде бұрын шығарылмаған 10-нан астам жаңа тауар өндірісі жолға қойылды. Машина жасауда локомотивтердің тірек арқалықтарын, көлік құралдарына арналған шатыр қаптамалары және бүйірлік қаптамаларды, жетекші көпірлердің арқалықтарын, цилиндр блоктарын, жұмыс турбиналарының қалақтарын, жылу электр стансалары турбиналарының корпустық бөлшектерін, кері осмостық мембраналық элементтер (сүзгі) мен глюкометрлер шығару жоспарлануда. Елде алғаш рет pure-pak сұйық өнімдеріне арналған картон қаптамасының шығарылымы жолға қойылды, ол импортты толық алмастыруға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, 2025 жылы Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарында жаңа арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар іске қосылды: 17 АЭА, 66 ИА, 34 шағын өнеркәсіптік аймақ. Бүгінгі таңда АЭА аумағында 558 жоба іске асырылды, оның 85-і шетелдіктердің қатысумен атқарылды. Қазір 453 жоба жүзеге асырылу кезеңінде, оның 42-сіне шетелдіктер атсалысуда. АЭА-ға бағытталған тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі шамамен 1 трлн 47,2 млрд теңгені құрады.
Қазіргі уақытта Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құзырында жалпы сомасы 5,4 трлн теңге инвестициялық 27 келісім бар, оның ішінде жалпы көлемі 3,2 трлн теңге болатын 12 келісімге 2025 жылы қол қойылды. Келісімдер металлургия және ферроқорытпа өндірісі, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, тоқыма және ағаш өңдеу салалары, сондай-ақ өзге де өңдеу өндірістері сынды бағыттарды қамтиды.
2026 жылы шамамен 1,7 трлн теңгеге 200 жобаны іске асыру жоспарлануда. Осы жобалар шеңберінде 19,1 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Оның 4,3 мыңы ауылдық жерлерге, 1,9 мыңғы моноқалаларға тиесілі болмақ.
Биыл елімізде бұрын-соңды өндірілмеген 10-ға жуық жаңа тауар өндірісі жолға қойылады. Машина жасауда 8х4, 90т және 105т модификациялы жүк көліктер, автобетоналастырғыштар, автомобиль-манипулятор крандар, автогрейдерлер, фронтальды тиегіштер мен жаңартылатын энергия көздеріне арналған трансформаторлар шығару жоспарланған. Химия өнеркәсібінде сутегі мен натрий сульфатын өндіру көзделген.
Кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету аса маңызды
Шикізатты ішкі нарықта өңдеуді дамытудың негізгі құралдарының бірі заңнамалық деңгейде бекітілген "отандық шикізатпен қамтамасыз ету" тетігі болғанын атап өтейік. Ол отандық өндірушілер мен шикізат жеткізушілер арасындағы үйлесімді іс-қимылды дамытуға ықпал етеді.
Осы тетік арқасында ірі өндіруші компаниялар бірінші кезекте ішкі нарықты шикізатпен қамтамасыз етеді, содан кейін ғана өнімін экспорттауға рұқсат алады. Бұл мыс, алюминий, мырыш және қорғасынға қолданылады. Жеңілдік мөлшері өнімді өңдеу деңгейіне байланысты. Дайын өнім үшін – LME -5%, аралық өнім үшін – LME -1% жеңілдік беріледі.
Үйлесімді іс-қимылдың, яғни, кооперацияның жақсы бір мысалы – "Қайнар-АКБ" зауыты. Кәсіпорын қорғасынды "Қазмырыш" компаниясынан жеңілдікті бағамен сатып алады, ал өндірілген аккумуляторларды ішкі нарыққа да, экспортқа да жөнелтеді.
Отандық электротехникалық өнеркәсіп кәсіпорындары "Қазақмыс" және "Қазақстандық электролиз зауыты"компаниялары шығаратын металдарды пайдаланады.
«Qarmet» компаниясының өнімдері «Silk Road Electronics» кәсіпорнына тұрмыстық техника өндіру үшін, сондай-ақ вагон жасау кәсіпорындарына қажетті металл прокатпен қамтамасыз ету мақсатында жеткізіледі.
Сондай-ақ металлургиялық кәсіпорындар мен кабельдік зауыттар арасында шикізат жеткізу туралы келісімдер жасалды.
Сонымен қатар қажет болған жағдайда өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының өтінімдерін қарастыру арқылы отандық шикізат тауарларының номенклатурасын кеңейту көзделген, оның ішінде қара металлургия және химиялық өнеркәсіпке арналған шикізат өнімдері де бар.
Жалпы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша шамамен отандық 33 кәсіпорын жеңілдікпен катодты мыс, бастапқы алюминий, металл мырыш және қорғасын шикізатын алды. Бұл материалдар кабельдік-өткізгіш өнімдерді, алюминий бұйымдарды, терезе мен есік жабдықтарын және автомобиль аккумуляторларын өндіру үшін қолданылады.