Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде "Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының өкілдерімен кездесу өтті.
Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары Павел Казанцев пен Марат Бәшімов, сондай-ақ профессор, саясаттану ғылымдарының докторы Венера Жексембекова қатысты.
Іс-шараның модераторы "AMANAT" партиясы Астана қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Мария Өтебаева болды.
Жалпыұлттық коалиция мүшелері Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ұжымына Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын түсіндіріп, республикалық референдумға қатысудың маңыздылығын атап өтті.
Ведомствоның акт залында өткен кездесуде қатысушылар ұсынылған конституциялық реформалардың мәнін, оның елдің одан әрі дамуына әсерін, сондай-ақ толық ашық форматта халықтық талқыға ұсынылған жаңа Конституция жобасының негізгі тұжырымдарын талқылады.
Сондай-ақ іс-шарада Қазақстанның егемендігі, тәуелсіздігі, бірегейлігі мен аумақтық тұтастығы сынды негізгі құндылықтардың маңыздылығына назар аударылды. Білім, ғылым және инновация саласындағы құндылықтарды Ата заңда бекіту, ғылыми және техникалық шығармашылық еркіндігі және зияткерлік меншікті қорғау, сондай-ақ адами капиталды дамыту және цифрлық технологияларды қолдану үшін жағдайлар жасау туралы ережелер ерекше талқыланды.
Бұдан басқа, қазақстандықтардың деректерін цифрлық тұрғыда қорғау, денсаулық сақтау, азаматтарымызды тұрғын үймен қамтамасыз ету және сот даулары кезінде халықтың әділ шешімге қол жеткізуі, мемлекеттік тілдің маңыздылығы, дін мен мемлекеттің ара-жігін нақтылау және білім мен тәрбиенің зайырлы сипаты, сондай-ақ жаһандық дағдарыс жағдайында жедел шешім қабылдауға мүмкіндік беретін бір палаталы парламент құрудың тиімділігі және басқа да өзекті тақырыптар қозғалды.
«Еліміз өзінің жаңа Ата заңын қабылдау қарсаңында тұр. 15 наурыз күні өтетін референдум біздің болашағымыз үшін өте маңызды. Халық мұны түсініп отыр. Жаңа Конституция жобасы қоғам талқысына шығарылды. Азаматтар тарапынан айтылған пікірлер барынша ескерілді. Референдумда дауысқа салынатын жаңа Конституция жобасы мені толық қанағаттандырады. Өйткені мұнда басты құндылығымыз – ел тәуелсіздігін, халық мүддесін, азаматтар бостандығын қорғауға барынша басымдық берілген. Сонымен қатар еліміздің бүгіні мен болашағы үшін аса маңызды қажеттіліктер нақты көрсетілген. Әрине, бәрін халық таңдауы шешеді. Менің ойымша, ел-жұртымыз жаңа Конституция жобасын қолдап, 15 наурызда өтетін референдумға ауызбіршілікпен қатысады деп ойлаймын», – деді депутат Марат Бәшімов.
Кездесу соңында қатысушылар конституциялық реформаның негізгі ережелері бойынша пікір алмасты және ұсынылған өзгерістер елдің келешектегі дамуы мен технологиялық тұрғыда жаңғыруы, қоғамдық маңызды құндылықтар мен мемлекеттік саясат қағидаттарын ілгерілету үшін негіз болатынын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, конституциялық реформаның негізгі қайнар нүктесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы парламент құру туралы бастамасы болды. Президент бұл бастамасын 2025 жылғы 8 қыркүйекте «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын.