Ерсайын Нағаспаев АҚШ-тың Елшісі Джули Стаффтпен кездесті

Ерсайын Нағаспаев АҚШ-тың Елшісі Джули Стаффтпен кездесті

Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев АҚШ-тың еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Джули Стаффтпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар өнеркәсіп, геология, тау-кен өндірісі және инвестиция, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану және сирек кездесетін қазба металдар салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.

Министр сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың, сондай-ақ жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

«Елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – өнеркәсіптік кооперация. Бүгінде жалпы инвестиция көлемі шамамен 950 млн АҚШ долларын  құрайтын 12 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Біз өнеркәсіптік саладағы әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделіміз», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Министр америкалық тарапты 2026 жылдың 2-3 сәуірінде өтетін «Geoscience & Exploration Central Asia» халықаралық геологиялық форумына және 11-12 маусымда болатын 16-шы «Astana Mining & Metallurgy Congress» көрмесіне қатысуға шақырды. Осы көрме аясында Critical Minerals Dialogue өткізу жоспарлануда.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша белсенді байланыстарды қолдауға дайын екендіктерін растады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен АҚШ Сауда министрі Ховард Латник Аса маңызды шикізат материалдары саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Анықтама: Қазақстан нарығында америкалық 600-ден астам компания табысты жұмыс істеуде, олардың арасында ExxonMobil, Chevron, Chevrolet, Wabtec, Citibank, Visa, MasterCard, General Electric, Honeywell, Philip Morris, Coca-Cola, Pepsico, Deere & Company және басқа да көптеген компания бар.