Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Cove Kaz Capital Group LLC бас директоры Доминик Хитонмен кездесті.
Сондай-ақ келіссөздерге «Тау-Кен Самұрық «ҰТК» АҚ басқарма төрағасы Нариман Абсаметов қатысты.
Кездесу барысында тараптар тау-кен өнеркәсібі саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны келешекте дамыту мәселелерін талқылады.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы серіктестіктің стратегиялық маңызы және америкалық компаниялардың ел экономикасының дамуына қосып келе жатқан үлесі атап өтілді.
Бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша министр өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және жаңа бастамаларды іске асыруға мүдделі екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы қарашада «Тау-Кен Самұрық «ҰТК» АҚ мен «Cove Capital» компаниясы Қарағанды облысы аумағындағы әлемдегі ең ірі кен орындарының қатарына кіретін Солтүстік Қатпар мен Жоғарғы Қайрақтыны бірлесіп игеру туралы келісім жасасқан-ды.
Келісім шарт бойынша инвестор екі байыту фабрикасы мен бір металлургиялық зауыттың құрылысына 1,1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуға міндеттенеді. Жоба толық іске қосылғанда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны шамамен мың адамды құрайды, бұл ретте қазақстандық мамандарды жұмысқа қабылдауға басымдық беріледі.
Келісімде стратегиялық маңызды шарт ретінде шикізат пен жартылай дайын өнімдерді экспорттауға тыйым салу талаптары өз алдына жеке бекітілген. Өндіріс толық терең қайта өңдеуге бағытталады.