
2026 жылғы 11 наурызда Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде Министрліктің әдеп жөніндегі уәкілінің жұмыс жоспары аясында «Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары» тақырыбында семинар өткізілді.
Семинардың лекторы – Асель Алибекова, заң ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының арнайы заң пәндері кафедрасының доценті, әділет кеңесшісі.
Семинар барысында Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының негізгі ережелері қарастырылды. Қатысушыларға сыбайлас жемқорлық ұғымының құқықтық табиғаты мен мазмұны, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының субъектілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды реттейтін негізгі нормативтік құқықтық актілер түсіндірілді.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлыққа байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтардың аражігі түсіндірілді. Дәріс барысында қолданыстағы заңнамада көзделген құқық бұзушылық құрамдарының құқықтық белгілері мен ерекшеліктері жан-жақты ашылып, оларды саралау және құқық қолдану тәжірибесіне қатысты түсіндірмелер берілді.
Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұлғаларды мемлекеттік қорғау тетіктері, олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету кепілдіктері түсіндірілді.
Осындай іс-шараларды өткізу мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және мемлекеттік қызметтегі адалдық қағидаттарын нығайтуға бағытталған.