
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шикізатты терең өңдеуді дамыту және ел экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ішкі өңдеу ісіне байланысты отандық өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруда.
Шикізат базасын және экспорттық әлеуетті ұлғайту мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін толықтыруға елеулі үлес қосады. Ол сондай-ақ ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыратын және қосылған құны жоғары өнімдерді шығаруды қамтамасыз ететін тұрақты өнеркәсіптік базаны қалыптастыруға әсер етеді.
Ішкі қайта өңдеуді дамытудағы тиімді құралдардың бірі – отандық кәсіпорындарды негізгі базалық металдармен (мәселен, алюминий, мыс және мырыш сияқты металдар) қамтамасыз ету тетігі.
Бұл механизм мынадай ыңғайда жүзеге асырылады: ірі өндіруші компаниялар бірінші кезекте ішкі нарықты шикізатпен қамтамасыз етеді. Бұл компаниялар отандық кәсіпорындар алдындағы міндеттемелерді орындағаннан кейін ғана өнімін экспортқа жібере алады.
Отандық кәсіпорындарға берілетін жеңілдік мөлшері өнімді қайта өңдеу деңгейіне байланысты:
• дайын өнім үшін – Лондон металл биржасы (LME) бағасынан 5% жеңілдік;
• аралық өнім үшін – 1% жеңілдік.
Осы мемлекеттік қолдау шарасын іске асыру шеңберінде Министрлік 2025 жылы өтінімдер қабылдады, қажетті сараптамалар жүргізді және катодты мыс, бастапқы алюминий және металл мырышын жеткізуге 18 кәсіпорынмен үшжақты келісімдерге қол қойды.
Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары тарапынан шикізатқа сұраныс ұдайы өсіп келеді.
Мәселен, 2025 жылы мысқа деген қажеттілік 18,6 мың тоннаны құрады. 2026 жылы сұраныс 20,4 мың тоннаға дейін (10%) артады деп күтілуде.
Алюминий саласында ішкі нарықта қайта өңдеу көлемі 2025 жылы 57,4 мың тоннаны құрады, ал бастапқы алюминийге қажеттілік 2026 жылы 77,7 мың тонна деңгейінде күтілуде, бұл 35%-дан артық.
Сұраныстың өсуі мырыш өндірісінде де байқалады. 2026 жылы мырышқа қажеттілік 2,6 мың тоннаны құрап отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 45%-ға артық (2025 жылы – 1,8 мың тонна).
Сұранысқа байланысты жеткізілетін шикізат көлемінің ұлғаюы атқарылып жатқан шараларды мемлекеттік қолдау тетігінің тиімділігін растайды.
Отандық өндірушілерді базалық металдармен қамтамасыз ету орта және жоғары деңгейде өңделген өнім шығарып жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға ықпал етеді. Бұл катанка, кабель және өткізгіш өнімдер, аккумуляторлар, терезе профильдері, жиһаз жабдықтары және басқа да тауарлар өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде өңдеу өнеркәсібін дамыту, қосылған құны жоғары өнім шығаруды және экспорттық әлеуетті арттыру үшін қосымша мүмкіндіктер пайда болады.
Осылайша, бұл бағытты ілгерілету шикізатты ішкі нарықта өңдеуді одан әрі өрістетуге, ел аумағында өндірілетін дайын тауарлар көлемі мен түрлерін көбейтуге, сондай-ақ отандық кәсіпорындарды ынталандыру арқылы халықтың әл-ауқаты деңгейін көтере түсуге ықпал етеді.