Елімізде тұрғын үй құрылысы және салаға цифрлық технологияларды енгізу ісі ілгерілеп келеді

Елімізде тұрғын үй құрылысы және салаға цифрлық технологияларды енгізу ісі ілгерілеп келеді

Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев осы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін жаңа Құрылыс кодексі шеңберінде тұрғын үй саясатын реформалауды кезең-кезеңмен және жоспарлы түрде жүзеге асыру, сондай-ақ тұрғын үй құрылысының көрсеткіштері, жеңілдікпен тұрғын үй беру бойынша мемлекеттік қолдау шаралары және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес құрылыс саласын цифрландыру туралы баяндады.

Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы аясында Үкімет алдына 7 жылға 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу міндеті жүктелген. Бұл ретте тұрғын үй құрылысының қарқыны нәтижесінде көрсеткіштер үшінші жыл қатарынан жоспарланған деңгейден асып түсті.

2025 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру рекордтық көрсеткішке жетті. Жоспарланған 19,2 млн шаршы метрдің орнына 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, оның алдындағы жылғы көрсеткіштен асып түсті. Жалпы, еліміздің 18 өңірінде белгіленген жоспар асыра орындалды.

«Болжамға сәйкес, 2026 жылы тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі 18,5 млн шаршы метрге жетеді. Дегенмен, тұрғын үй құрылысын ынталандыру ісі ұлғайса, бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін. Ең үлкен көрсеткіштер республикалық маңызы бар – Астана, Алматы және Шымкент қалаларына тиесілі болатыны болжануда», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Құрылысты жандандыру үшін қаржыландыру, дайын пәтерлерді сатып алу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және қолжетімді ипотекалық құралдарды кеңейтуді қамтитын мемлекеттік қолдау тетіктерінің кешені енгізілуде.
2025 жылы кезекте тұрғандар үшін 218 млрд теңгеге 14,5 мың жалға берілетін тұрғын үй сатып алынды. 140 млрд теңгеге 14 мыңнан астам ипотекалық тұрғыда қаржыландырылатын пәтер салынды және сатып алынды. 10,5 мың жер учаскесіне инженерлік инфрақұрылым орнатылды. Жалпы сомасы 68 миллиард теңгеге 2% және 5% мөлшерлемемен 5 мыңнан астам жеңілдікті ипотекалық несие, сондай-ақ «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары бойынша жалпы сомасы 233 млрд теңгеге 8,6 мың несие берілді.

«Биыл 155 млрд теңге сомасына 11,5 мың кредиттік тұрғын үй салу және сатып алу үшін жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздарын алу, сондай-ақ жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар шеңберінде 18,2 мың қарыз беру жұмыстары жалғасады», – деп мәлімдеді Ерсайын Нағаспаев.

Министр 2025 жылдың мамыр айында заңнамалық түзетулер күшіне енгенін, оған сәйкес әкімдіктердің тұрғын үйді есепке қою және бөлу жөніндегі функциялары ұлттық даму институтына айналған «Отбасы банкке» берілгенін еске салды. Өткен жылы азаматтарға шамамен 8 мың жалдамалы тұрғын үй және 11 мыңнан астам жеңілдікті ипотекалық несие берілді.

Заңнамаға енгізілген түзетулер бұрын сатып алу құқығынсыз берілетін жалдамалы тұрғын үйді жекешелендіру құқығын да ұсынады. 2025 жылы бұл құқықты 15 мыңнан астам азамат пайдаланды. 11 мыңнан астам азамат жалдау ақысының бір бөлігіне субсидиялауды пайдаланды. Бұл бағытқа республикалық бюджеттен 7,6 млрд теңге бөлінді.

Министр осы жылдың 9 қаңтарында қол қойылған және алдағы 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Құрылыс кодексі шеңберінде салада құрылыс өнімдерінің толық өмірлік циклін – жобалаудан бастап пайдалануға және кәдеге жаратуға дейін есепке алуға көшу қағидаты бекітілетінін атап өтті. Сондай-ақ цифрлық технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінеді.

Құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында лицензия иелерінің электрондық тізілімі ендірілуде, инженерлерді сертификаттау кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сондай-ақ халықаралық стандарттармен үйлестіре отырып, құрылыс нормаларын әзірлеу және өзектендіру үшін Ұлттық техникалық нормалау институты құрылады. Кодекс талаптарын іске асыру шеңберінде 138 нормативтік құқықтық актіні жаңарту бойынша жұмыс жүргізілуде.

Салаға цифрлық мүмкіндіктер де енгізіліп жатыр. Құрылысты жоспарлау, сараптау және мониторингтің қолданыстағы ақпараттық жүйелерін біріктіре үйлестіретін Qportal.kz бірыңғай құрылыс порталы құрылды.

Үдерістерді орталықтандыру үшін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізілді. Қазіргі уақытта бұл жүйе елдегі 89 қаланың қала құрылысы жобаларын (89 бас жоспар және 644 ЕЖЖ (егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары) және инженерлік инфрақұрылымның 94%-ын қамтиды. Жүйе арқылы әкімдіктер бастапқы-рұқсат беру құжаттамасын, эскиздік жобаларды келісуді және техникалық шарттарды ұсынуды қоса алғанда, 146 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті.

Бұдан бөлек, салалық портал арқылы нысандардың электрондық 3D-модельдерімен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін BIM-технологиялар енгізілуде. 2026 жылдың бірінші тоқсанында пилоттық режімде жобалық құжаттаманың түгел екенін автоматты түрде тексеру үшін жасанды интеллектті қолдану жоспарлануда.
«Құрылыс кодексі арқылы бекітілген жаңа тәсілдерді енгізу, үдерістерді цифрландыру, бақылауды күшейту және нормативтік базаны жаңарту тұрғын үй құрылысының тұрақты, қауіпсіз және ашық дамуы үшін берік негіз қалыптастырады», – деп атап өтті Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.