Қуандық Қажкенов қоғамдық ұйымдармен тұрғын үй саясатын жетілдіру мәселелерін талқылады

Қуандық Қажкенов қоғамдық ұйымдармен тұрғын үй саясатын жетілдіру мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов «RUKHTYLAR» және «Не молчи сирота» қоғамдық ұйымдарының жетекшілері Айнагүл Мұзафар және Руслан Тұрысбековпен кездесті.

Кездесуде тараптар мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асырудың өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, тұрғын үй саласындағы жаңа заңнамалық түзетулер, сондай-ақ азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тетіктері қарастырылды.

Сонымен қатар 2025 жылға арналған жалдамалы және кредиттік тұрғын үйді сатып алу мен салу көрсеткіштері, сондай-ақ 2026 жылға белгіленген жоспарлар талқыланды.

Кездесу барысында қоғамдық ұйым өкілдерінің жалдамалы және кредиттік тұрғын үйді бөлу үдерістерін жетілдіруге қатысты ұсыныстарына ерекше назар аударылды. Айтылған бастамалар тұрғын үй саясатын одан әрі дамыту және тұрғын үй беру тетіктерінің ашықтығын арттыру бағытындағы жұмыстарда ескерілетін болады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрғын үй саласында тиімді шешімдер әзірлеу үшін мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы конструктивті өзара іс-қимылды одан әрі дамыту маңызды екенін атап өтті.