
Елімізде тұрмыстық химия және косметика өнімдерін таңбалау бойынша қанатқақты жобаны іске асыру жалғасуда. Отандық өнім өндірушілер таңбалау кодтарын қолдану үдерістерін сынақтан өткізуге белсенді қатысуда. Бұл пилоттық жоба бизнеске процестерді алдын ала қауіпсіз түрде бейімдеуге және таңбалауды қолданыстағы өндірістік және логистикалық циклдарға біріктіруді тексеруге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, тұрмыстық химия мен косметиканы таңбалау бойынша пилоттық жоба импорттың жоғары үлесі мен көлеңкелі сегментті ескере отырып, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылды. Жоба 2025 жылдың 1 шілдесінде басталған, ол 2026 жылдың 30 маусымына дейін жалғасады. Бұл тауарлар айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге, адал бизнес пен тұтынушыларды қорғауға, сондай-ақ тең бәсекелестік жағдайын қалыптастыруға бағытталған.
Бүгінгі таңда 4 отандық өндіруші, 3 импорттаушы және 1 бөлшек сауда субьектісіне эксперименттер жүргізілді. Пилоттық жобаға қатысушылар арасында тұрмыстық химия, косметика және дезинфекциялау құралдарының ірі отандық өндірушілерінің бірі – «Аврора өндірістік кешені бар.
Өндіруші ассортиментіне шамамен 200 өнім кіреді, оның ішінде ыдыс жууға арналған гельдер мен губкалар, сұйық сабын, шыны спрейлер, сантехникалық тазалағыштар, сұйық кір жуғыш заттар, дақ кетіргіштер және хош иіс диффузорлары бар. Сондай-ақ желіде балалар терісінің ерекшеліктерін ескерілгендіктен, балалар ыдыс-аяқтарын және киімдерін жууға арналған құралдар, сұйық сабындар, сусабындар мен шомылуға арналған құралдар бар.
Пилоттық жоба аясында өндірісте таңбалау мен қадағалаудың барлық негізгі процестері көрсетілген: өнімдерді тіркеуден бастап, бақылау-кассалық аппараттар арқылы өнімді айналымнан шығаруға дейін. Тәжірибе нәтижелері бойынша таңбалау кодтарын қолдану желінің қызметіне және кәсіпорын қоймасының жұмысына еш әсер етпегені анықталды.
Талқылау барысында «Аврора» кешенінің өкілдері брендті қорғау және өнімнің заңсыз айналымының алдын алуда цифрлық таңбалау мүмкіндіктеріне, әсіресе контрафактіні анықтау және заңсыз қайта сатудың жолын кесу құралдарына қызығушылық білдірді.
Пилоттық жоба шеңберінде тестілеу «TELLI ONDIRIS» ЖШС өндірістік алаңында да жүргізілді. Бұл еліміздегі халықаралық ISO 22716 (GMP) стандартының барлық талаптарына сай келетін алғашқы косметикалық кәсіпорын. Аталған өндіріс орны, сонымен қатар «Халал» сертификатына ие және АҚШ пен Еуропа елдеріне өз өнімін экспорттауға рұқсаты бар.
Компания өз брендтерін шығарады және қазақстандық компаниялар үшін келісімшарттық негізде өндірісті жүзеге асырады. Өндіріс технологиясы өнімдерді «стерильді аймақта» өндіру мүмкіндігіне ие, бұл микробиологиялық ластану қаупін болдырмайды. «TELLI ONDIRIS» директорының орынбасары Жанна Баймағамбетованың айтуынша, өндірістік инфрақұрылым әлемдік брендтер үшін халықаралық стандарттарға сәйкес өнімдер шығаруға мүмкіндік береді.
«Бұл пилоттық жобаны іске қосу және оны сынақтан өткізу біз үшін артықшылық. Біз бұл үдеріске алғашқылардың бірі болып кірдік, мұның қаншалықты тиімді екенін және отандық тауар өндірушілердің мүддесін қалай қорғайтынын бағалай аламыз. Таңбалау біз үшін пайдалы болатынына сенеміз», – дейді Жанна Баймағамбетова.
Эксперимент барысында таңбалау үдерістері зауыттың өндірістік процестеріне сәтті енгізілді. Компания өкілдері жобаға, әсіресе косметика мен тұрмыстық химияны цифрлық таңбалау міндетті болып табылатын елдерге өнім экспорттау тұрғысынан қызығушылық танытатындарын атап өтті.
Таңбалау – өнімнің әрбір бірлігіне бірегей Data Matrix кодын қолдану. Бұл өнімнің өндірушіден немесе импорттаушыдан бөлшек саудаға, одан әрі айналымнан шығарылғанға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда міндетті цифрлық таңбалауға дәрілік заттар, темекі өнімдері, аяқ киім, сыра, мотор майлары және ақбөкеннің дериваттары жатады. Бұл қанатқақты жоба шеңберінде медициналық мақсаттағы бұйымдарды, тұрмыстық химия мен косметиканы, өсімдік майын таңбалау бойынша сынықтар жүргізілуде. Биологиялық белсенді қоспалар, зергерлік бұйымдар, газ баллондары және ағаш өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жобалар аяқталған.