
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ өнеркәсіп секторын цифрландыру және өндіріс үдерістеріне жасанды интеллектіні енгізу бағытындағы онлайн-семинарлар өткізуді жалғастыруда.
QazIndustry-дің кезекті семинары биылғы 3 наурыз күні Батыс Қазақстан облысының кәсіпорындары үшін ұйымдастырылды. Іс-шараға металлургия саласындағы кәсіпорындар, сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен БҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының өкілдері қатысты.
Кездесуде өнеркәсіп саласын цифрлық трансформациялау бағытындағы шаралар, Жол картасын іске асыру барысы, кәсіпорындардың жұмысына цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізу мәселелері және бизнесті мемлекеттік ынталандыру шаралары талқыланды.
Цифрлық трансформациялау дирекциясының маманы Айнұр Ахтанова, QazIndustry орталығының өндірісті цифрлық трансформациялауға бағытталған кәсіпорындарды қолдау жөніндегі жұмысы жайында айтып берді. Бұл жұмыстарға сараптамалық қызметтер көрсету, вебинарлар өткізу, пилоттық жобаларды іске асыруға жәрдемдесу, сондай-ақ цифрлық фабрикаларды дамыту бағыттары кіреді.
«Былтыр біздің сарапшылар бизнес үшін цифрландыру бойынша 23 ұсыным әзірледі, 14 вебинар өткізді және жетекші компанияларда қанатқақты жобаларға бастамашылық етті. Цифрлық құралдарды қолданатын қазақстандық кәсіпорындардың үлесі 19 пайызға дейін артты. Жол картасын іске асыру жұмысы жалғасуда. Құжатта 11 ірі кәсіпорында жүзеге асыру көзделген 41 жоба қамтылған», – деп атап өтті Айнұр Ахтанова.
Онлайн-кездесу аясында бизнесті мемлекеттік ынталандыру шаралары таныстырылды. Бұл бағыт туралы QazIndustry АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының бас сарапшысы Ясин Сайлауқызы баяндады.
«Біз кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған шығындарының бір бөлігін өтейміз. Өткен жылы Орталық арқылы кәсіпорындарға 1,4 млрд теңгеден астам өтемақы берілді. Қаражаттың басым бөлігі технологиялық жабдықтарды сатып алуға, оның ішінде цифрлық технологияларды енгізуге жұмсалған шығындарды өтеуге бағытталды», – деді Ясин Сайлауқызы.
Батыс Қазақстан облысы кәсіпорындарының өкілдері вебинар тақырыптарына қызығушылықтарын танытып, қазіргі жағдайда өндірісте цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізудің маңыздылығын атап өтті. Өнеркәсіп өкілдері өз сұрақтарына жауап алып, мемлекеттік ынталандыру шараларын пайдалану мүмкіндігін назарға алды.
Айта кетейік, өнеркәсіпті цифрландыру және ЖИ енгізу бойынша келесі вебинар биылғы 17 наурызда Ақмола облысының кәсіпорындары үшін ұйымдастырылады. Барлық сұрақтар бойынша +7 707 819 9701 телефонына немесе A.Akhtanova@qazindustry.gov.kz электрондық поштасына хабарласуға болады.