
Торонто қаласында 2026 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан бастаған қазақстандық делегация Канаданың Кеншілер мен кен іздеушілер қауымдастығы ұйымдастырған әлемдегі ең ірі халықаралық PDAC 2026 конференциясының жұмысына қатысты.
Конференция шеңберінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстанның Тау-кен палатасы және Aurora Minerals Group Limited компаниясымен бірлесіп, Канададағы ҚР Елшілігінің қолдауымен геологиялық барлау саласындағы еліміздің әлеуетіне арналған «Kazakhstan Day» халықаралық форумын ұйымдастырды.
Форум жұмысына халықаралық және канадалық жетекші компаниялардың өкілдері қатысты, олардың қатарында Zijin Mining Group, B2Gold, First Quantum Minerals, Hatch, Arras Minerals, Xcalibur Smart Mapping және басқа да құрылымдар бар.
«Kazakhstan Day» форумында сөз сөйлеген вице-министр Иран Шархан Қазақстан Үкіметі ел аумағын геологиялық зерделеу ісінің деңгейін арттыруға ерекше мән беретінін атап өтті. Алдағы үш жыл ішінде геологиялық барлау жұмыстарына шамамен 500 млн АҚШ долларын бағыттау жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш өткен үш онжылдықта мемлекеттік геологиялық барлауға жұмсалған барлық инвестиция көлемінен асып түседі.
Оның айтуынша, геологиялық барлау базасын жүйелі түрде кеңейту және жаңа аумақтарды барлауды бастау үшін инвестициялар тартуға, сондай-ақ тау-кен металлургия саласындағы халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуге тиімді жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады.
Сондай-ақ іс-шара барысында қатысушыларға 2024-2025 жылдары Қазақстанда жасалған негізгі геологиялық жаңалықтарға шолу ұсынылып, шетелдік серіктестермен бірлескен жобаларды іске асырудың табысты тәжірибелері таныстырылды.
Сол күні қазақстандық делегация басшысы Канада және басқа да елдердің бірқатар тау-кен компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулер барысында аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, барлау мен өндірудің заманауи технологияларын енгізу, сондай-ақ қазақстандық шикізатты қайта өңдеу бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Қазақстан делегациясының PDAC 2026 конференциясына қатысуы халықаралық бизнестің еліміздің ресурстық әлеуетіне деген ұдайы қызығушылығын растады және тау-кен металлургия кешені саласында канадалық әрі жаһандық инвесторлармен әріптестікті кеңейтуге дайын екенімізді көрсетті.