
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында сот жүйесі инфрақұрылымын дамыту және сот ғимараттарын салу тәсілдерін жетілдіру мәселелері бойынша жұмыс кездесуі өтті.
Іс-шараға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Рысдәулетов, ҚР Сот әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Шәкір Шаяхметов, сәулет және инфрақұрылым жөніндегі халықаралық сарапшы Хикару Китай, Дүниежүзілік банктің Қазақстан Республикасындағы тұрақты өкілі, жоба жетекшісі Саламат Құсайынова, сондай-ақ Комитеттің бейіндік басқармалары – Техникалық реттеу және нормалау басқармасы, Жобалау жұмыстары басқармасы және Сәулет, қала құрылысы және қала құрылысы кадастры басқармасы басшылары қатысты.
Кездесуде сот ғимараттарын жаңа заманауи тәсілді ескере отырып және халықаралық стандарттарға сәйкес салуға қатысты мәселелер талқыланды.
Комитет тарапынан Дүниежүзілік банк өкілдеріне сот инфрақұрылымы нысандарын жоспарлау, бастапқы деректерді алу, жобалау және сараптамалық бағалау жүргізу мәселелері бойынша түсініктемелер берілді.
Кездесу қорытындысында сот ғимараттарын салу бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық базасын одан әрі жетілдіру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Алдағы уақытта осы мәселелерді егжей-тегжейлі зерттеу және тиісті жобаларды іске асыруды қолдау жоспарлануда.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі заманауи сот инфрақұрылымын дамыту және жобалау мен құрылыстың озық стандарттарын енгізу бойынша жұмысты жүйелі түрде жалғастырады.