
Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында үш ай мерзімде арнайы экономикалық аймақтарды (АЭА) дамытудың жаңа үлгісін бекіту және олардың әлеуетін толыққанды іске қосу жөнінде берген тапсырмаларын іске асыру аясында, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен жұмыс кеңесін өткізді.
Кеңес барысында министр Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АЭА қызметінің тиімділігін арттыруға және инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде іске асыруға бағытталған тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындау қажеттігіне ерекше назар аударды.
Сондай-ақ Ерсайын Нағаспаев арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды (ИА) инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында Ислам даму банкімен ынтымақтастық мәселелерін көтерді.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы арнайы экономикалық аймақтар инвестиция тартудың толыққанды платформасына айналуы тиіс екенін атап өткен болатын. Онда жаңа нормалар мен құралдар қолданылып, сервистік шешімдер енгізіліп, кейіннен олардың ауқымын кеңейту көзделеді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 17 арнайы экономикалық және 67 индустриялық аймақ жұмыс істейді. 2025 жылы үш жаңа арнайы экономикалық аймақ – «Ақтөбе», «Атырау» және «Қорқыт Ата» АЭА құрылды. Ірі жобалар бойынша 13 инвестициялық келісімге қол қойылды.