
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен (2015 ж.) 11 ақпанда әлемдік ғылыми қауымдастық Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күнін атап өтеді. Биылғы мерекенің негізгі тақырыбы - STEM-экожүйелерін құрудағы гендерлік теңдік болды. «БҰҰ-әйелдер» құрылымы мен ЮНЕСКО деректері бойынша, әлемде STEM (Science, Technology, Engineering, Math), яғни жаратылыстану, техникалық және инженерлік мамандықтар бойынша білім алатын студенттердің тек 35%-ын ғана әйелдер құрайды. Зерттеушілердің жалпы әлемдік көрсеткішінің 30%-ы әйелдердің үлесінде болса, басшылық лауазымдағы әйелдердің үлесі небәрі оныншы бөлікті құрайды.
Қазақстан – ғылымдағы әйелдер саны 50%-дан асатын елдердің қатарында. «Қазақстан Республикасының минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК-да (бұдан әрі – ҚР МШКҚӨҰО) әйелдер мен ерлер саны орта есеппен тең. Олардың 47%-ы жоғары білімді және дәл осындай көрсеткіш басшы қызметкерлердің жалпы санына тиесілі. Ғылыми дәрежесі бар қызметкерлердің ішінде әйелдердің 42%-ы жоғары ғылыми біліктілікке ие. Соңғы жылдардағы статистика ғылыми зерттеулерге тартылған, оның ішінде ғылыми біліктілігін арттырған қыздар мен әйелдер санының тұрақты өсуін көрсетіп отыр. Мәселен, егер ҚР МШКҚӨҰО-да әйелдер ғылым докторларының жалпы санының 30%-ын, ғылым кандидаттарының 45%-ын құраса, философия докторларының (PhD - жас буын) үлесіне тура жартысы тиесілі.
ҚР МШКҚӨҰО ғалымдары әйелдердің кәсіби мерекесіне орай қысқы демалыстан кейінгі «ҚР МШКҚӨҰО» РМК Ғылыми кеңесі жанындағы жаратылыстану ғылымдары, шикізатты қайта өңдеу және металлургия бойынша Ғылыми семинардың алғашқы отырысын өткізді. Бас директордың бірінші орынбасары Досмұрат Айтқұлов отырысты аша отырып: «Мерекеге орай семинарда тек ер азаматтар еңбек етеді. Әйелдерге демалуға мүмкіндік берейік, өйткені олар біздің өмірдегі барлық қызмет саласының қозғаушы күші (локомотиві) болып табылады», - деп атап өтті.
Семинар жұмысына Hitachi компаниясының Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасындағы ресми өкілі - «KASSA. SREDA» ЖШС мамандары Евгений Кремер мен Алма Халилина қатысты. Евгений Кремер «Электронды микроскопия: металлургия мен минералогияда қолданылуы» атты зор қызығушылық тудырған баяндамасын ұсынды. Жас ғалым, PhD Данатбек Мұрзалинов Al негізіндегі WO3 және MoO3 дисперсті фазасы бар никель негізіндегі тозуға төзімділігі жоғары гальваникалық композиттік жабындарды жасау бағытындағы сирек металдар зертханасының (анықтама үшін - техника ғылымдарының кандидаты Роза Шаяхметова басқарады) жетістіктерімен бөлісті. Зерттеу нәтижелері жұмыстың өзектілігі мен жоғары перспективалығына байланысты қызу талқыланды.
Ғалымдар техника ғылымдарының докторы, профессор Сейітғали Ғалиевтің ашық кеніштердегі геотехнологиялық кешендер жұмысының экономикалық, технологиялық және экологиялық тиімділігін кешенді техникалық-технологиялық аудиті (КТТА) туралы жобасын белсенді талқылады. КТТА-ны тау-кен металлургия кешенін мемлекеттік реттеу жүйесіне интеграциялау перспективасымен жұмысты жалғастыру ұсынылды.
Семинар жұмысына химия ғылымдарының кандидаты, ҚР МШКҚӨҰО сирек металдар зертханасының бас ғылыми қызметкері Петр Осипов; МИСиС техника ғылымдарының кандидаты/PhD, Ж. Әбішев атындағы ХМИ ферроқорытпалар және тотықсыздану процестері зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Амангелді Ахметов белсенді қатысты. Әйелдер қауымы да шет қалмады. ҚР МШКҚӨҰО бас ғылыми хатшысы, техника ғылымдарының докторы, профессор Светлана Ефремова (анықтама: 2024 жылдың «Үздік ғылыми қызметкері») кеуекті материалдарды алу процесіндегі көміртекті құрылымның трансформациясын зерттеудегі заманауи электронды микроскопияның мүмкіндіктеріне назар аударды. Ақпараттық-талдау бөлімінің бастығы, PhD Фарида Қапсаламова тозуға төзімді жабындарды жасаудың қыр-сырына қызығушылық танытып, бағдарламалық тәсілдің жүйелілігін және ұсынылған шешімді одан әрі әдіснамалық тұрғыдан пысықтау қажеттігін атап өтті.
Мақалада келесі сілтемелер бойынша қолжетімді ресми сайттардың статистикалық мәліметтері пайдаланылды: https://www.unesco.org/ru/days/women-girls-science https://eca.unwomen.org/ru/news/in-focus/international-day-of-women-and-girls-in-science