ESG және энергия үнемдеу: серіктестердің практикалық кейстері

ESG және энергия үнемдеу: серіктестердің практикалық кейстері

ESG қағидаттары Қазақстанда орнықты дамудың практикалық құралына айналып, шығындарды азайтуға, тиімділікті арттыруға және экономика мен қоғам үшін ұзақ мерзімді құндылық қалыптастыруға мүмкіндік беруде. Осы бағыттағы ең нәтижелі салалардың бірі - энергия үнемдеу, өйткені бұл салада экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық әсерлерді қысқа мерзімде әрі өлшенетін деңгейде қамтамасыз етуге болады.

Мемлекет, өңірлер және бизнес арасындағы әріптестік аясында өнеркәсіп пен инфрақұрылымдағы энергия тиімділігін арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Инженерлік жүйелерді жаңғырту, жарықдиодты жарықтандыруға көшу және энергияны автоматтандырылған есепке алу жүйелерін енгізу электр энергиясын тұтынуды 40-60%-ға, пайдалану шығындарын 20-30%-ға қысқартуға, ал жабдықтардың қызмет ету мерзімін 3-5 есеге арттыруға мүмкіндік береді.

Әсіресе шалғай өңірлерде энергиямен жабдықтаудың сенімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жобалары дамып келеді. Кешенді шешімдер ресурстарды тұтынуды оңтайландыруға, желілерге түсетін жүктемені азайтуға және жабдықтардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Энергия тұтынуды цифрлық мониторингтеу басқарушылық ашықтықты арттырып, елеулі инвестицияларсыз энергия тұтынуды қосымша 5-10%-ға қысқартуға жағдай жасайды.

 

Серіктестердің практикалық кейстері

«Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС энергия тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді бағдарламаны жүзеге асыруда. Бағдарлама аясында энергия ресурстарын тұтынуды оңтайландыруға бағытталған бірқатар нақты шаралар қолға алынған.

2023–2025 жылдары электр энергиясын тұтынуды азайту бойынша заманауи шешімдер енгізілді. Атап айтқанда, жиілікті реттейтін жетектер орнатылып, өндірістік жабдықтар жаңғыртылды. Нәтижесінде электр энергиясын тұтыну көлемі 3,144 млн кВт-қа қысқарды.

Сонымен қатар, бу жабдықтарын жаңарту, конденсат бұру құрылғыларын енгізу және технологиялық процестерді оңтайландыру арқылы жылу энергиясын пайдалану деңгейін төмендету бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылды.

«Қазхром» ЖШС қазандық пештеріндегі көмір жалынын тұрақтандыру үшін пайдаланылған мұнай өнімдерін қолдану шешімін енгізді.

  • 2024 жылы мазут тұтыну 2,85%-ға (222 тонна) азайып, экономикалық тиімділік 31,747 млн теңгені құрады.
  • 2025 жылы үнемдеу көлемі 450 тоннаға, экономикалық әсер 74,715 млн теңгеге жетті.
  • Өтелу мерзімі 0,008 жылды құрады, бұл энергия тиімділігі шешімдерінің жоғары инвестициялық тартымдылығын көрсетеді.

Аталған кейстер энергетикалық инфрақұрылымды кешенді жаңғыртудың стратегиялық маңыздылығын растайды.

ESG бастамалары аясындағы энергия үнемдеу өзінің жоғары практикалық тиімділігін көрсетуде: ол шығындарды азайтады, жабдықтардың сенімділігі мен қызмет ету мерзімін арттырады, адамдар үшін қолайлы жағдай жасайды және Қазақстан экономикасының орнықты дамуына ықпал етеді.

Ұсынылған деректер энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ жүзеге асыратын мониторинг материалдары мен нәтижелері негізінде қалыптастырылды.