Үкіметте экономиканы одан әрі әртараптандыру шаралары қаралды

Үкіметте экономиканы одан әрі әртараптандыру шаралары қаралды

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Премьер-Министр Олжас Бектенов төрағалық еткен Үкімет отырысында сөз сөйлеп, экономиканы әртараптандыру бойынша алдағы шаралар туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібі жыл сайын тұрақты өсім көрсетіп келеді.

«2024 жылдан бастап сектордың үлесі тау-кен өндіру саласының үлесінен асып түсті. Бұл секторлар арасындағы құрылымдық өзгерістерге алып келді», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Оның сөзінше, елімізде «отандық шикізатпен қамтамасыз ету» тетігін іске асыру арқылы қазақстандық өндірушілер мен жергілікті шикізат жеткізушілер арасындағы кооперация табысты дамып келеді.

«Мұндай өзара ынтымақтастықтың жарқын мысалы – «Қайнар-АКБ» зауыты. Кәсіпорын қорғасынды «Қазцинк» компаниясынан жеңілдетілген бағамен сатып алады, ал өндірілген аккумуляторлар ішкі нарыққа да, экспортқа да жеткізіледі», – деді министр.

Сондай-ақ, ол «Қазақмыс» (мыс) және «Қазақстан электролиз зауыты» (алюминий) компанияларын мысалға келтірді. Аталған кәсіпорындар өндіретін металдар отандық кәсіпорындарда электротехникалық жабдықтар шығаруға пайдаланылады. «Qarmet» компаниясының өнімі вагон жасау кәсіпорындарына, «Silk Road Electronics» компаниясына тұрмыстық техника өндірісі үшін, сондай-ақ «QazTehna» зауытына автобустардың шанақ элементтерін шығару үшін жеткізіледі.

Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және өнеркәсіп салаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында «Qarmet» компаниясының комбинатын кешенді жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Болат өндірісін 5 млн тоннаға дейін ұлғайту және терең өңдеуге көшу жоспарланған.

Министр 2025 жылы автомобиль жасау өнеркәсібінің үлесі машина жасау саласының жалпы көлемінде 41 пайыздан асқанын атап өтті.

«171 мыңнан астам көлік құралы шығарылды, оның ішінде 159 мыңы – жеңіл автокөлік», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Оның мәліметінше, Алматы индустриялық аймағында Chery, Haval, Changan брендтерімен жұмыс істейтін Astana Motors Manufacturing Kazakhstan жоғары технологиялық өндірісі және Қостанай қаласында Kia Qazaqstan зауыты іске қосылды. Бұл автокомпоненттерді жергілікті жерде өндіруге мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы машина жасау саласы да 2025 жылдың қорытындысы бойынша 30,4 пайыз өсім көрсетіп, оң динамиканы сақтап отыр. Бүгінде ішкі нарықтың 90 пайызына дейін отандық өндірушілер қамтамасыз етеді. Елде трактор шығаратын 10 зауыт, ал аспалы және тіркемелі техника өндіретін 20 кәсіпорын жұмыс істейді.

Сирек металдар саласын дамыту аясында биыл тазартылған сүрме өндірісін іске қосу және галлий өндіру желісін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Галлий Мемлекет басшысының Жапонияға сапары барысында ERG компаниясы мен Mitsubishi Corporation арасында қол қойылған оффтейк-келісімшарт аясында жеткізілетін болады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу»  атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес өңдеуші өнеркәсіптің одан әрі дамуын айқындайтын 17 негізгі жоба іріктелді. Қазіргі таңда 9 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде, оның екеуі іске қосылған. Барлық жобаларды толық іске асыру нәтижесінде өндіріс көлемін 7,3 млрд АҚШ долларға жеткізіп, импортқа тәуелділікті азайтуға және елдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.