
2025-2026 жылдарға арналған ірі кәсіпорындардың өндірістік процестеріне жасанды интеллектің практикалық шешімдерін енгізу жөніндегі жол картасы іске асырылып жатыр. Нәтижелердің бірі ретінде «СарыарқаАвтоПром» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Қауіпсіздік инциденттеріне жедел әрекет ету орталығы» жобасы енгізілді.
Интеграцияланған ЖИ жүйесі нақты уақыт режимінде камералар мен өндірістік датчиктерден алынған деректерді талдайды, өнеркәсіптік және цифрлық қауіпсіздік талаптарының бұзылуын анықтайды, жабдық жұмысының ақауларын тіркейді және жедел әрекет етуге арналған сигналдарды орындайды. Бұл жағдайларды анықтау уақытын қысқартуға және адам факторының әсерін төмендетуге мүмкіндік берді.
Жүйенің талдамалық өзегі персоналдың мінез-құлқы мен өндірістік желілердің жұмысындағы ауытқуларды анықтау үшін машиналық оқыту алгоритмдерін пайдаланады. Қолданылатын нейрожелілік модель өндірістік ортаның өзгерістеріне бейімделіп, тәуекелдерді анықтау дәлдігін арттырады және қандай да бір жағдай туындау ықтималдығын төмендетеді.
Өнеркәсіп министрлігінің бағалауынша, осындай шешімдерді енгізу штаттан тыс жағдайларға әрекет ету уақытын қысқартуға, жабдықтардың бос тұрып қалуын азайтуға, процестердің ашықтығын арттыруға және өнеркәсіптік нысандардың кешенді қорғалуын нығайтуға ықпал етеді.
«СарыарқаАвтоПром» ЖШС жобаны іске асыру жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жүйелі тәсілін көрсетеді және өнеркәсіпті цифрлық трансформациялау жөніндегі мемлекеттік саясаттың бір бөлігі.
Сонымен қатар, ЖИ шешімдері басқа кәсіпорындарда да енгізілуде. Еуразиялық топта (ERG) өндірістік процестерді нақты уақыт режимінде бақылауды қамтамасыз ететін және шамамен 1,5 млрд теңге көлемінде экономикалық әсер берген ERG MES цифрлық платформасы іске қосылды. KAZ Minerals және Solidcore Eurasia алаңдарында ЖИ технологиялары логистиканы оңтайландыруға және қауіпті өндірістер қызметкерлерін медициналық тексеруді автоматтандыруға қолданылады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі QazIndustry қатысуымен 2025–2026 жылдары ЖИ шешімдерін енгізуді үйлестіруді жалғастырады. Жол картасын іске асыру өнеркәсіптік, цифрлық және физикалық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, сондай-ақ Қазақстан өнеркәсібінің технологиялық тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған.
Жол картасы 11 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында жүзеге асырылатын 41 жобаны біріктіреді және өнеркәсіп секторының қауіпсіздігін, тиімділігін және цифрлық кемелдігін арттыруға бағытталған.