
Қазақстандық кәсіпорындар өз қызметін жетілдіруге бағытталған шығындарының бір бөлігін өтеу түріндегі мемлекеттік ынталандыру шараларын алуды жалғастыруда. Бұл бағыттағы қолдау арқылы зауыттар, фабрикалар мен цехтар өндірісті дамыту мен жаңғыртуды жоспарлауға мүмкіндік беріп, олардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы арқылы ұсынылатын осындай ынталандыру шараларын пайдаланған кәсіпорындардың бірі – алматылық Qazaq Tigin Fabrikasy (QTF). Кәсіпорын маусымдық арнайы киім, әскери киім-кешек, түрлі салаға арналған формалар және жеке қорғаныс құралдарын тігумен айналысады. Компанияға технологиялық жабдықты сатып алуға жұмсалған шығындардың 40%-ы өтелді.
Өнім тігу сапасына енді заманауи тігін жабдықтары, жоғары жылдамдықты автоматтандырылған кестелеу машиналары, сондай-ақ фурнитура орнатуға арналған станоктар жауап береді. Аталған жабдықтарды сатып алуға кеткен шығындардың өтелуі жай ғана қосымша бонус емес, компания үшін нақты әрі тиімді қолдау тетігіне айналды. Соның арқасында үнемделген қаражат өндірісті одан әрі кеңейтуге бағытталды.
Фабрика басшылығы қолданыстағы техникалық базаны толықтырып, жоғары жылдамдықтағы автоматтандырылған Tajima кестелеу жабдығын, сондай-ақ Jack маркалы тігін машиналарын және фурнитура орнатуға арналған арнайы желіні сатып алды. Бұл жабдықтар тігін үдерісін жеделдетіп қана қоймай, арнайы киімдегі күшейтілген тігістер болсын немесе айырым белгілерінің күрделі кестесі сияқты әрбір бөлшектің мінсіз дәлдікпен орындалуын қамтамасыз етеді. Мысалы, жапондық Tajima жабдығының кестелеу жылдамдығы минутына 1200 айналымды құрайды.
«Жаңа өндірістік шешімдерді енгізуге компания 69 миллион теңге жұмсады. Біз шығындарымыздың бір бөлігін өтеу үшін Қазақстандық индустрия және экспорт орталығына жүгінуді жөн көрдік. Нәтижесінде QazIndustry 27,7 миллион теңге көлеміндегі, яғни жалпы шығынның 40 пайызын өтеп берді. Бұл фабрика үшін өндірісті одан әрі дамытуға бағытталған маңызды стратегиялық қадам болды», – деп бөлісті «Qazaq Tigin Fabrikasy» ЖШС директоры Азамат Смадиев.
Qazaq Tigin Fabrikasy тәжірибесі өндірісті жаңғыртуға және технологиялық жабдық сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеуге арналған мемлекеттік тетіктердің нақты жұмыс істейтінін айқын көрсетеді. Бұл құралдар бизнеске түсетін қаржылық жүктемені азайтып, кәсіпорындардың өндірістік қуатын жедел жаңартуына мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде қазақстандық өнімдер тек ішкі нарықта ғана емес, экспорттық бағытта да бәсекеге қабілетті бола түсуде.
Айта кетейік, «Qazaq Tigin Fabrikasy» нарықта 10 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Фабриканың өндірістік қуаты жылына 195 мың данаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді. «Qazaq Tigin Fabrikasy» шығарған арнайы киімдер мен формаларды ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қызметкерлері ғана емес, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен елдің жетекші құрылымдарының мамандары да пайдаланады.
Мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы толық ақпарат www.qazindustry.gov.kz ресми сайтында орналастырылған. Әр сейсенбі және бейсенбі күндері QazIndustry кеңсесінде (Астана қ., Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогы) Ашық есік күндері өткізіледі. Кеңес алу үшін +7 (7172) 79 33 99 (ішкі 444) нөміріне хабарласуға болады.